Атырауда "панда-адам" тұрады (+ВИДЕО)
Атыраулық қазақ Қытайға барып «Панда адам» атанды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бұл туралы "Хабар 24" мәлім етті. Руслан Төленов донор болып, талай жанның өмірін сақтап қалған. Оны бір кезде Қытай Халық республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің өзі марапаттапты. 2009 жылы көрші елге оқуға аттанған жерлесіміз осы күнге дейін 6 мың миллилитр қан өткізіпті. Сирек кездесетін - теріс резус факторлы қан тобының иесі қазір Хайнань провинциясында жұмыс істейді. Дәстүрлі түрде жылына 2 рет қан тапсырып тұрады.
Қытайға білім іздеп барған атыраулық жігіт Русланның оқиғасы ерекше. Оның қаны – теріс резус факторлы. Әлемде сирек кездесетін қан тобының иесі донор ретінде 2009 жылдан бері жылына 2 рет қан тапсырып, науқастарға көмек қолын созып келеді. Бұл үшін Қытай Халық республикасының төрағасы Си Цзиньпин былтыр қазақ жігітімен кездесіп, жанқиярлығын жоғары бағалады.
- Қан тапсыру – әр адамның негізгі көмектесу, халыққа көмектесу, адамға көмектесу өзінің жүрегінен шығатын нәрсе ғой. Мен де сондай ойдамын, адамға көмектесу, шектетпеу, бөлмеу, бәріміз бір жер шарының адамымыз ғой, - дейді Руслан.
Көрші елде бакалавриат, магистратура тәмамдаған Руслан қазір Хайнань провинциясында Халықаралық экономикалық даму бюросында істейді. Кішкентай кезінде кунг-фу туралы фильм көріп өскен жігіт бұл елді жайдан-жай таңдамағанын айтады. Екі ел арасындағы достық, ынтымақтастық қатынасы жыл сайын өсетініне сенімді.
- Хайнань провинциясын, еркін сауда портын ілгерілетуге, халықаралық инвестициялар тартуға, осы компанияларға қызмет көрсетуге, сондай-ақ Хайнанда тұтыну тауарларының халықаралық көрмесін өткізуге жауаптымын. Болашақта Хайнанға Қазақстаннан одан да көп компаниялар тартылады деп үміттенемін, тұтыну тауарлары көрмесі арқылы қазақстандық өнімдер, түрлі брендтер, компаниялар Хайнань нарығына, сондай-ақ бұл арқылы Қытайдың үлкен нарығына кіре алады, - дейді ол.
Русланның есімін ғаламтордағы қытайлық іздеу жүйесінен терсеңіз,ол туралы көп ақпарат шығады. Тіпті, оның есімі жергілікті "Уикипедияға" енген. Бұл елде жас жігітті жанашырлығы үшін "асыл адам-панда" деп те атайды. Өйткені, ол талай рет өзгенің өмірін сақтап қалуға себепші болған.