Жантүршігерлік жол апаты жиіледі...

Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облысының полицейлері жол қауіпсіздігін сақтауды ескертеді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

"Жол қауіпсіздігі қателікті кешірмейді. Діттеген жерге жету жылдамдық асырып уақыт үнемдеумен шешілмейді. Тас жол жауапсыз жүргізуші кесірінен талай тағдырды тоқтатты. Патрульдік полицейлер Сіздің жолдағы қауіпсіздігіңіз үшін үздіксіз қызмет етеді. Еліміздің Батыс аймағы Еуропаға шығатын алтын көпір, 3 елмен шекаралас сан жолдың торабы. Сайын даланың төрінде Атырау облысы, Ақтөбе облысы,Батыс Қазақстан облысы, Маңғыстау облысының тәртіп сақшылары 5000-нан астам шақырым жолдағы қозғалыстың қауіпсіздігін демалыссыз реттейді.

Жыл басынан бері еліміздің батыс аймағында 219 адам жол апатынан қаза тапты. Барар жеріңізге бүтін жетіңіз. Тас жолда мал қағу дерегі тәуліктің түнгі уақытында орын алуда. Жыл басынан бері мұндай 250-ден астам дерек тіркелді. Өзіңіздің және өзгенің өміріне жауапкершілікпен қараңыз. Басып озу қағидасын бұзу көп жағдайда жол апаттарына себеп болатын факторлардың бірі. Ауа райының қай мезгілі болса да көлігіңіздің сақадай сай екеніне көз жеткізіңіз. Жолаушы тасымалын жүргізу - жауапкершілік. Тас жолдың тәртібі - жол ережесін сақтау екенін естен шығармаңыз! Сапарларыңыз сәтті болсын!" делінген хабарламада.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ