АTPress.kz. 5 желтоқсан. Халықтың сотқа деген сенімін күшейту мақсатында қабылданған әдеп кодексі судьялардың беделін арттыруға септігін тигізеді.
Судьялардың әдеп кодексі Астанада өткен Қазақстан Республикасы судьяларының VII съезінде қабылданған болатын. Кодекс жайында толығырақ Өңірлік коммуникациялар қызметінде болған брифингте Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Ерғали Убигалиев тарқатып жеткізді.
- Бұл судьялардың кәсіби және моральдық келбетіне қатысты қоғам талабының артуынан туындап отыр. Кодекстің жаңа жобасында судьялардың кәсіби қызметіндегі, қоғамдағы, жанұясы мен тұрмысындағы тәртібінің әдеп негізін реттейтін нормалар мен ережелер көзделген, - дейді Е.Убигалиев. Сондай-ақ, кодекс жобасында шет елдердің де тәжірибесі ескеріліп, халықаралық нормаға сай негізделіп отыр.
Атырау облыстық сотының судьясы Раиса Аққұлованың мәліметіне сүйенсек, жаңа әдеп кодексінде 15 бап қамтылған. Мәселен, бірінші бапта судья берілген антына берік болуға, әрекеттері судья лауазымының жоғары мәртебесіне лайық болып, сот төрелігін іске асыруға, әдеп нормаларын мүлтіксіз сақтауға тиістігі қамтылған. Ал екінші бапта судья өзінің кәсіби қызметін атқарған кезде заңға бағынуға және кез келген сырттан ықпал етулерге жол бермеуге, қысым жасау мен құқықтық емес әсерлерге, сот процесіне тікелей немесе жанама араласуға қарсы тұруға міндетті екендігі айтылған. Судьялардың жаңа әдеп кодексі тек судьялар корпусы ғана емес, тұтас қоғам үшін де маңызды.
Нұрбейбіт Нұғыманов
Сурет akorda.kz сайтынан алынды