ATPress.kz. 19 маусым. Атырауда Өзбекстан Республикасының жеті азаматы жауапқа тартылды.
Облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, өзбекстандық азаматтар «Бейнеу» тексеру пункті арқылы Қазақстанға келіп, қалалық көші-қон полиция бөлімінен тіркеуден өткен. Содан кейін, Қызылқоға ауданы Миялы ауылындағы тиісті мекен-жайға жазылған. Алайда, полиция қызметкерлерінің тексерісі кезінде олардың аталған мекен-жайда тұрмайтындықтары анықталып отыр.
Сот отырысында Өзбекстан азаматтары құжаттарды дұрыс толтырмаудағы кінәларын мойындап, Миялы селосындағы таныстарына табыс табу үшін келгендерін, жаңа мекен-жайда тіркелусіз 10-15 күндей тұрғандарын мәлімдеді. Бірақ, құжаттарын қайта тіркеуге тапсырғандарын айтып, қатаң жазаламауды сұрады.
Сот қаулысымен өзбекстандық азаматтар әкімшілік құқық бұзушылық жасағандары үшін кінәлі деп танылып, олардың әрқайсысына 36 075 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл тағайындалды.
Айқара Ғұмар