Қазақстан азаматтығын алуға ниетті адамдар үшін өткен жылдың соңында арнайы тест әзірленді. Онда қандай сұрақтар болады? Тестілеу қай кездері ұйымдастырылады? Шекті балл қандай? Kazinform агенттігі осы және өзге де сауалдарға жауап ұсынады.
Мемлекет басшысы 2024 жылғы 16 мамырда «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойды.
Заңға сәйкес Ғылым және жоғары білім министрлігі «Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау немесе азаматтығын қалпына келтіру кезінде мемлекеттік тілді қарапайым деңгейде, Қазақстан Республикасы Конституциясының негіздерін, сондай-ақ Қазақстан тарихын білу көлемін бекіту туралы» бұйрық жобасын әзірлеп, 2024 жылғы 8 қазанда (№479) бекітті.
Мемлекеттік тілді білу деңгейі қалай анықталады?
Бұйрықта «мемлекеттік тілді қарапайым деңгейде білу» деген тіркес бар. Біз Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитетіне сұрау салып, оның нақты қандай меже екенін анықтадық.
— Тестілеу бойынша ең жоғары балл саны – 100, оның ішінде қазақ тілі бойынша – 60 балл, ҚР Конституциясының негіздері бойынша – 15 балл, Қазақстан тарихы бойынша – 25 балл. «Мемлекеттік тілді қарапайым деңгейде білу» талабы тест тапсырушы берілген 60 балдан кемі 36 балл алу керек дегенді білдіреді. Оның ішінде тыңдалым бөлігі бойынша кемінде 12 балл, оқылым бөлігі бойынша кемінде 24 балл жинауы тиіс, - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, азаматтық алушылар ғаламтордан жиі іздейтін сауалдарға аталған ведомство мәліметтері негізінде жауаптар дайындадық:
Шекті балл қанша?
Тестілеу бойынша шекті балл мөлшері – 100-ден 60 балл.
Тестілеу қашан өтеді?
Ұлттық тестілеу орталығы тестілеуді тоқсанына бір рет өткізеді. Сын алу мереке және демалыс күндерінде ұйымдастырылмайды. Ұлттық тестілеу орталығы тестілеу өткізу мерзімдері (тестілеуді өткізу орны, күні және уақыты) туралы ақпаратты бір апта бұрын тестіленушінің жеке кабинетінде (www.app.testcenter.kz) орналастырады.
Қай тілдерде тапсыруға болады?
Қазақ тілінен тест қазақ тілінде ғана, ал Конституция негіздері мен Қазақстан тарихы бойынша тестілеу қазақ немесе орыс тілдерінде өтеді.
Қанша уақыт беріледі?
Тестілеуге 2 сағат 10 минут уақыт беріледі. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға тестілеу үшін қосымша 30 минут беріледі.
Мүгедектігі бар жандарға қосымша құжат тапсыру керек пе?
Мүгедектігі бар адамдар өтініш берген кезде мүгедектікті белгілеу туралы құжаттың қазақ немесе орыс тіліндегі нотариалды куәландырылған аудармасын тапсыруы керек.
Тестілеу кімдерге ақылы?
Шетелдік азаматтар тестіні ақылы түрде тапсырады, тестілеу қорытындысы бойынша шекті балды еңсергенде электронды сертификат беріледі.
Тестілеуден кімдер босатылады?
«Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдаудың оңайлатылған тәртiбi белгiленетiн адамдар үшiн кәсiптердiң тiзбесiн және оларға қойылатын талаптарды бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 6 маусымдағы №1587 Жарлығымен бекітілген тізбе бойынша тиісті кәсіптерге ие және талаптарға сай келетін адамдар сондай-ақ кәмелетке толмағандар, әрекетке қабілетсіз адамдар, Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі бар адамдар, этностық қазақтар, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар негізінде жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алғысы келетін адамдар тестілеуден босатылады.
Тестілеуді өткізуге республикалық бюджеттен қаржы қарастырылмаған.
Айта кетейік, 2024 жылы 20 мыңдай адам ел азаматтығынан бас тартты.
Өткен жылы Қазақстан азаматтығын алушылар саны 25 пайыз азайды.
Сондай-ақ былтыр елімізде қос азаматтығы бар 700-ге жуық адам анықталды.