Атырауда еркін күрестен республикалық турнир ұйымдастырылды

Еркін күрестен Құрманғазы ауданының спорт ардагері Орынбек Хамитовке арналған республикалық турнир ұйымдастырылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Жарысқа Түркістан, Ақтөбе, Маңғыстау және Атырау облысының 2010-2012, 2013-2014 жылғы жасөспірімдері қатысты. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті. Турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімі Абат Жанғалиев қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.

- Спорт тек бәсеке емес, ол адамдарды біріктіру, күш-жігер мен қуатты арттыру жолы. Сондықтан әрбір қатысушының жеңісіне сенімді бола отырып, барлығына шығармашылық табыс тілеймін,- деді әкім.

Тартысты жарыс екі күнге созылып, нәтижесінде, 62 келі салмақ дәрежесінде Атырау қаласының спортшысы Нұрлыбек Асан, 75 келі салмақта Айбас Жолдас, 36 келі салмақпен Исмайл Самиғолла І орын иеленді. Сондай-ақ Құрманғазы ауданынан 29 келі салмақ дәрежесінде Айдос Жанболат, 38 келі салмақпен Данабек Орынбек ,47 келі салмақта Әділ Боранғалиев 1 орынды жеңіп алды. Ақтөбе облысының жас спортшысы 33 келі салмақпен Омар Ерсаматұлы 1 орынды қанжығаласа, Маңғыстау облысының жасөспірімі 32 келі салмақтағы Манас Әбіл де жеңіс тұғырынан көрінді.

Жиын соңында спорт ардагері Орынбек Хамитовтің жанұясы өз тілектерін білдіріп, жеңімпаздарға диплом мен медальдарын табыстады.

Сәуле МАҒАУ