«Квадрат» булану алаңындағы рекультивация жұмыстарының барысы таныстырылды

Атырау облысы бойынша экология департаменті «Квадрат» булану алаңының рекультивация жұмыстарының жүру барысымен танысу мақсатында баспасөз турын ұйымдастырды. Негізгі мақсат – қоғам назарындағы экологиялық мәселенің шешілу барысын көрсетіп, рекультивация жұмыстары жөнінде кеңінен ақпарат беру. Бұл туралы Өңірлік комуникациялар қызметі хабарлайды.

Іс-шараға экология департаментінің басшысы Асқар Жүсіпов, қалалық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы өкілдері, “Павлодар өзен порты” АҚ өкілі қатысты. 

- Атырау қаласында атмосфералық ауаның күкіртсутегімен ластануына «Квадрат» және «Тухлая балка» булану алаңдары негізгі себептердің бірі болып отыр. Бұл мәселені шешу мақсатында Экология министрлігі мен Атырау облысы әкімдігі бірлесіп, өңірдің экологиялық ахуалын жақсарту бойынша Жол картасын бекітті. Бұл құжат аясында булану алаңдарын рекультивациялау жұмыстары жүргізілуде. Басты міндет – алаң астында тұнып қалған ластанған топырақты тазарту. Сондай-ақ болашақта бұл жерге тазартылмаған қалдық сулардың ағуына жол берілмейді. Барлық ағынды сулар кәріздік тазарту қондырғыларына бағытталып, өңделгеннен кейін ғана техникалық қажеттіліктерге пайдаланылатын болады, – деді Атырау облысы бойынша экология департаментінің басшысы Асқар Жүсіпов.

“Қазіргі таңда жоба аясында бірқатар жұмыс толық орындалды. Атап айтқанда, дамбаның құрылысы, геотүтіктер орнату, геотекстиль және геомембрана материалдарын жеткізу, флокулянт пен коагулянт сияқты химиялық реагенттерді жеткізу, сондай-ақ су қабылдау құдығының монтажы мен қажетті материалдар толық қамтамасыз етілді. Қос жобаны  аяқтау мерзімі жоспар бойынша 2025 жылдың соңына дейін көзделген.