Атырауда энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жобасы жүзеге асырылуда

Жоба 2025-2029 жылдар аралығында іске асырылып, энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту арқылы халыққа сапалы қызмет көрсетуді және ел экономикасының орнықты дамуын қамтамасыз етуді көздейді. Бұл туралы табиғи монополияларды реттеу департаментінің бас маманы Арман Рзағалиев баспасөз мәслихатында мәлім етті, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Арман Рзағалиев облыста Ұлттық жоба аясында бірқатар маңызды бастаманың қолға алынып жатқанын жеткізді. «Атырау жылу желілері» АҚ магистралды жылу желілерін қайта құру жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ «Атырау Жарық» ЖШС 222 километр электр желісін жаңартып, энергиямен жабдықтаудың сенімділігін арттырмақ. «Атырау облысы су Арнасы» КМК су және кәріз жүйелерін жаңғырту бойынша техникалық келіссөздерді жүргізуде.

- Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту – халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған стратегиялық қадам. Біздің басты міндетіміз – тозған инфрақұрылымды жаңартып, сенімді әрі үздіксіз қызмет көрсетуге қол жеткізу,- деді ол.

Жоба шеңберінде жылумен, сумен және электрмен жабдықтау инфрақұрылымын жетілдіру, инновациялық технологияларды енгізу және жүйелерді автоматтандыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде апаттар деңгейін 20%-ға, ал инженерлік желілердің тозу көрсеткішін 40%-ға дейін төмендету күтілуде.