Атыраулық студенттер өрт қауіпсіздігін үйренді

Экологиялық ағарту және насихаттау бағдарламасы аясында өткен жиында мамандар студенттерге өрттің алдын алу шаралары, қауіп туындаған жағдайда дұрыс әрекет ету, сондай-ақ өрт сөндіру құралдарын пайдалану туралы ақпарат берді,-деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі. 

-    Аймақтағы қамыс алқаптарында өрт шығу қаупі жыл сайын артып келеді. Сондықтан халық арасында, әсіресе, жастар арасында өрт қауіпсіздігін насихаттау өте маңызды. Бұл шара студенттердің экологиялық жауапкершілігін арттырып қана қоймай, оларды табиғатты қорғауға, төтенше жағдайларда дұрыс әрекет етуге үйретеді. Осындай бастамалар арқылы біз қоғамды табиғатты аялауға және қауіпсіздік ережелерін сақтауға үйретуге тырысамыз,-деді Атырау қалалық мәслихат депутаты Мейрамгүл Есниязова. 

Жиын барысында мамандар студенттерге өртті сөндірудің әдістерін үйретіп, оны сөндіру кезінде қандай қауіпсіздік шараларын сақтау керектігін түсіндірді. Олар өрттің таралу ерекшеліктерін, алғашқы өрт сөндіру құралдарын дұрыс пайдалануды және төтенше жағдай кезінде жедел әрекет етудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар қамыс өрті кезінде табиғатқа және адам өміріне төнетін қауіптер туралы айтылып, оны болдырмаудың алдын алу жолдары көрсетілді.

Іс-шара облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ұйымдастыруымен, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қолдауымен өтті.