Қазақстан мен Өзбекстан – Орталық Азиядағы жетекші елдер

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёевтің бейресми кездесуі екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейде екенін тағы бір мәрте көрсетті. Мұндай кездесулердің дәстүрге айналуы – қазақ-өзбек қарым-қатынастарының ерекше маңыздылығын дәлелдейді.

Қазақстан мен Өзбекстан – Орталық Азиядағы жетекші елдер, олардың тұрақты әрі сенімді серіктестігі бүкіл аймақтың экономикалық, саяси және әлеуметтік дамуына әсер етеді. Бұл тұрғыда Шавкат Мирзиёевтің бауырлас халықтарды жақындастыруға және өңірдің орнықты дамуына қосқан үлесін Қазақстан Президентінің ерекше атап өтуі заңды құбылыс. Өзбекстан басшысы билікке келгеннен бері көрші елдермен, әсіресе Қазақстанмен қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтерді.

Бұл кездесу аясында талқыланған мәселелер – екі елдің даму стратегиясының негізгі бағыттары. Сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, инвестициялық және энергетикалық ынтымақтастық – Қазақстан мен Өзбекстанның өзара ықпалдастығын нығайтуда шешуші рөл атқарады. Соңғы жылдары екі ел арасындағы сауда айналымы айтарлықтай өсіп, жаңа бірлескен жобалар жүзеге асуда. Қазақстанның Өзбекстандағы және Өзбекстанның Қазақстандағы инвестициялық белсенділігі артып келеді. Бұл екі мемлекеттің экономикаларының өзара толықтырып, бір-бірін қолдайтынын көрсетеді.

Көлік және логистика саласындағы әріптестік те стратегиялық маңызға ие. Қазақстан арқылы өтетін транзиттік дәліздер Өзбекстан үшін аса маңызды, себебі елдің сыртқы сауда байланыстарының басым бөлігі осы бағыт арқылы жүзеге асады. Ал Қазақстан үшін Өзбекстанмен ынтымақтастық Орталық Азияның көлік жүйесін дамытуға, Қытай мен Еуропа арасындағы сауда жолдарын әртараптандыруға мүмкіндік береді. Жаңа теміржол бағытының салынуы осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі болып табылады.

Мәдени-гуманитарлық байланыстардың дамуына ерекше назар аударылғаны – қуантарлық жайт. Қазақстан мен Өзбекстан халықтары ортақ тарихы, мәдениеті мен дәстүрі бар бауырлас елдер. Сондықтан білім беру, ғылым, өнер, туризм және жастар алмасу салаларындағы ынтымақтастық екі елдің жақындасуына жаңа серпін береді. Әсіресе, студенттер мен ғалымдардың өзара тәжірибе алмасуы, бірлескен мәдени жобалардың көбеюі қазақ-өзбек қатынастарын жаңа деңгейге шығарады.

Өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылау да кездесудің маңызды тұстарының бірі. Қазіргі жаһандық геосаяси жағдайда Орталық Азия елдерінің бірлігі мен ынтымақтастығының маңызы арта түсті. Қазақстан мен Өзбекстанның тұрақтылығы мен дамуы бүкіл өңірге әсер етеді, сондықтан олардың стратегиялық серіктестігі өңірдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады.

Кездесу қорытындысы бойынша екі ел президенттері қазақ-өзбек стратегиялық серіктестігін одан әрі нығайтуға бейіл екенін растады. Бұл – болашақтағы табысты ынтымақтастықтың кепілі. Алдағы жылдары екі ел арасындағы сауда айналымы артып, көлік-логистика, энергетика, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларында жаңа бірлескен жобалар жүзеге асарына сенім мол.

Қорыта айтқанда, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тығыз серіктестік – тек екі ел үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия аймағы үшін де маңызды. Мұндай жоғары деңгейдегі кездесулердің тұрақты өткізілуі – ортақ мақсаттарға жетудің басты жолы. Екі елдің ортақ даму стратегиясы олардың экономикалық әлеуетін күшейтіп қана қоймай, өңірдің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сондықтан қазақ-өзбек ынтымақтастығының одан әрі тереңдеуі – уақыт талабы.

Темірлан БЕРТЛЕУОВ,

Махамбет ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру бөлімінің басшысы

Фото: Ақорда