Мақат ауданында ерекше мүсін пайда болды (+ФОТО)

Бүгінде ауданның кескін-келбетін көркейту, сәулетін қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Осы ретте Наурыз мерекесі қарсаңында аудан орталығында көш керуен бейнеленген түйелер мүсіні орнатылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Мүсінге идея ұсынған аудан әкімі Азамат Саматұлы мен Мақат ауданының Құрметті азаматы, өлкетанушы, мұнайшы Орақ Деңгелбаев болса, игі бастаманы жүзеге асырған, яғни, мүсін авторы – елордалық мүсінші Ершат Жолдас.

Аудан әкімдігі мәлім еткендей, бұл жылжымалы мүсіндер ХХ ғасырда мұнайлы өлкедегі “қара алтынды” түйемен тасығандығын бейнелеп, өткен күннің тарихынан сыр шертеді. Яғни, ХХ ғасырдың басында Ембі мұнайлы алқабында Доссор кен орнынан 1911 жылы алғашқы мұнай алынады. Сол кездері “УКНО”, “Эмба” мұнай қоғамдарының алдында өндірілген мұнайды тасымалдау мәселесі тұрды. Олар жергілікті тұрғындармен тасымал жұмысына жеке меншіктердегі түйелерді жалдауға келісім жасаған. Сөйтіп, ағылшындардың дайындаған бөшкелерін түйелерге артып, арбаларға тиеп, белгіленген бағытқа керуен тартқан. Мұндай тасымал әдісі Кеңес үкіметі орнаған алғашқы жылдарда да қолданыста болған. Халық Комиссарлары Кеңесі Ембі мұнайын Орал қаласына дейін тасымалдау үшін арнаулы қаулы қабылдап, жергілікті халықтың көлігін ұйымдастыруды міндеттеген. Осыған орай тұрғындардан, барлық мекемелерден бөшкелер жинастырылған.

Түйе көлігі мен басқа да транспорт түрлерін шұғыл ұйымдастырудың нәтижесінде 1920 жылы 1,5 млн пұт мұнай тасымалданған. Бұл өткен тарихтың белгісі ретінде орнатылған мүсін - ауданға көрік беріп, бүгінде көпшіліктің көзайымына айналуда. Сондай-ақ, 100 жылдық тарихы бар ауданның сол заманнан бері бүгінге дейін жеткен жолы мен жетістіктерін айқындап тұрғандай.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ