Жұмысшы мамандықтар жылы: "Балықшылық – байырғы және бүгінгі кәсіп" (+ФОТО)

Атырау өңірі теңіз табанына жақын орналасқандықтан, мұнда балық шаруашылығымен айналыспау мүмкін емес. Бүгінде аймақта теңізден су маржандарын сүзіп қана қоймай, оны терең өңдейтін ірілі-ұсақты кәсіпорындар аз емес. Солардың бірі – «Сәрсенбаев Ержан» мекемесі. Ендеше, жұмысшы мамандықтар жылы аясында біз аталған кәсіпорындағы балықшылардың тыныс-тіршілігімен танысқанды жөн көрдік.

Әдетте ер азаматтардың күшіне сенім артатын мұндай мекемелердің тізгінін де солар ұстайтын болар деп ойлап едік. Бірақ, бұл жолы қателестік. Бізді Қарлығаш Өтепова деген жылы жүзді азаматша қарсы алды. Сондай-ақ, ол «Абылай – Хан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің де директоры болып табылады екен.

«Мен бұл салаға кездейсоқ келіп, кідіріп қалған адаммын, - деп бастады әңгімесін нәзік жанды кейіпкеріміз. – 2000-жылдары жұбайым Еркін Көшәлиевтің қалауымен балық шаруашылығына араласа бастадым. Ал, оған дейін сол кездегі Атырау мұнай және газ институтында оқытушы болдым. Өкінішке орай, жолдасым 2005 жылы өмірден озды. Ал, бұл сол кісінің бастауымен құрылған кәсіпорын еді. Сөйтіп, асыл жарымның аманатын арқалап, бизнесті бастап кеткен болатынмын.

Мойындаймын, Еркіннің көзі тірісінде жұмыс барысы оңай көрінетін. Әсіресе, теңіздегі кемелер мен қайықтар бұзылып қалған кезде еш қиналмайтын едім. Кейін соның бәрімен өзімнің айналысуыма тура келді. Әйтеуір, қасыма білікті капитандар мен көмекшілерді жинап, жолдасымның жолын жалғастырып келе жатырмын. Шүкір, қазір сол кездегі қиындықтар артта қалып, тынымсыз еңбек түбінде жемісін беріп жатыр. Құрманғазы ауданындағы шаруа қожалығының өзінде отыз шақты адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмын. Оған қоса, Жайықтан балық аулайтын балықшыларымыз тағы бар. Олар таңның атысы, күннің батысы санаспай еңбек етіп, отбасыларын асырауда».

Міне, сөйткен Қарлығаш қанатымен су сепкендей балық аулау мауысмы кезінде жарты мыңға жуық адамды жұмыспен жарылқап, аймақ экономикасын дамытуға үлкен үлесін қосып жатыр. Сондай-ақ, ол – бүгінде төрт қыз бен бір ұл өсіріп отырған көпбалалы ана.

Иә, маңдай термен тапқан нанның дәмі тәтті болатыны айтпаса да түсінікті ғой. Осындай адал еңбек иелерінің бірі Нұрлан Ермектің балықшылықпен айналысып келе жатқанына бірталай жылдың жүзі болыпты.

– Бір қарағанда, балық аулау адамның сүйікті ісі секілді көрінеді. Осыны меңзеп біреулер бұл кәсіп иелерін жұмысшы мамандықтар қатарына жатқызуға болмайтынын айтып қалып жатады. Бірақ, мен мұндай пікірмен келіспеймін. Өйткені, балық аулау кез келген адамның қолынан келе бермейді. Тіпті, қарапайым әуесқой балықшылықпен айналысу үшін де үлкен қызығушылық пен қабілет-қарым керек қой. Ал, бұл іспен кәсіби тұрғыда айналысу үшін асқан табандылық пен төзімділік қажет болады.

Рас, елімізде балық аулауды оқытып-үйрететін оқу орындары жоқ. Дегенмен, шетелде бұл кәсіптің қыр-сырын үйрететін арнайы білім ордалары әлдеқашан ашылған. Уақыты келгенде олар бізде де пайда болады деп ойлаймын. Себебі, жылдан-жылға қарапайым жұмысшы мамандықтарына деген сұраныс артып келеді. Неге деп ойлайсыздар ғой? Өйткені, қазір технология қарыштап дамыған сайын адам баласы қолмен жұмыс жасауды қойып, «ауызбен орақ оруға» әуестеніп барады.

Бүгінде байқасаңыз, жастардың дені блогер болуға құмар. Бәрі де ауыр жұмыс жасамай, жеңіл жолмен табыс тапқысы келеді. Сонда, қара жұмысты кім жасайды? Малды кім бағады, егінді кім егеді? Міне, алдағы уақытта осындай сұрақтар туындамас үшін де, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының өзі биылғы жылды Жұмысшы мамандықтарға арнап отыр. Мұның бәрі тегіннен-тегін емес, әрине. Мақсат – адал кәсіппен азық табудың мән-маңызын ұғындыру, - дейді ол бізбен әңгімесінде.

P.S. Олай болса, біз де көп ұзамай блогер мен мұнайшыдан бөлек, «балықшы боламын» деп армандайтын да атыраулық жастар өсіп жетілер деген сеніммен кейіпкерлерімізбен қоштастық.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ