Біз Жұмысшы мамандықтар жылы аясында атыраулықтар мұнайшыларды даярлап жүрген ұстаздардың бірі – Олимпиада Төлегеновамен әңгімелесіп, өңірдегі ең танымал мамандықтың қыр-сырына қаныққан едік, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
«Мұнай ісі қалай оқытылса, саланың болашағы да соған байланысты. Менің міндетім – тек білім беру ғана емес, студенттерді ойлауға, талдауға және өз ісін сүюге үйрету», – дейді мұнай-газ факультетінің оқытушысы.
Мұнай саласы – экономиканың іргетасы, алайда оның табысы білікті мамандарды дайындап, тәрбиелейтін адамдарсыз мүмкін емес. Мұнай-газ факультетінің оқытушысы Олимпиада Төлегенова жүздеген мұнайшыны тәрбиелеп шығарды. Олар Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде білім алды. Бұл – Атыраудағы мұнай-газ саласына мамандар даярлайтын алғашқы жоғары оқу орны.
26 жыл бойы Олимпиада Шахмуратқызы студенттерге тек білім беріп қана қоймай, оларға өз кәсібіне деген сүйіспеншілікті дарытып келеді. Кез келген жас маманға білім, күш-қайрат және төзімділік қажет – оқытушылар әр студентке дәл осы қасиеттерді сіңіруге тырысады. Олар тек оқытумен шектелмей, мұнай саласын алға жылжытатын жаңа буынды тәрбиелейді.
Олимпиада Шахмуратқызының кәсіби жолы 1995 жылы Қазақ политехникалық институтын бітіргеннен басталды. Ол алғашында политехникалық техникумда зертханашы болып жұмыс істеп, бағалы тәжірибе жинақтады. Алайда көп ұзамай жас ұрпаққа білім беру – маңызды миссия екенін түсініп, ұстаздық жолға түсті.
«Мұнай ісін оқыту – тек дәріс оқу мен оқулықтарды пайдалану емес, ол кәсіпке терең бойлауды талап ететін тірі процесс. Мен практикалық дайындыққа баса назар аударамын. Қазіргі заманғы технологияларды, зертханалық зерттеулерді, тіпті далалық жұмыстарды қолданамын. Нағыз мұнайшы болу үшін тек теорияны білу жеткіліксіз, оны шынайы жағдайда түсіне білу керек. Сондықтан студенттерімнің кәсіпті сезініп, тек формулаларды жаттап қоймай, оны түсінгенін қалаймын», – дейді ол.
Оның оқыту әдістемесінің басты ерекшеліктерінің бірі – жетекші мұнай компанияларымен тығыз байланыс орнату. Осылайша, студенттер тәжірибеден өтіп, кен орындарында жұмыс істейді, заманауи жабдықтарды қолданып, білімдерін іс жүзінде қолданады.
«Біздің университетіміздің индустриялық серіктестермен байланысы кең, бұл студенттерге теориямен қатар тәжірибені де меңгеруге мүмкіндік береді. Бізде қонақ дәрістер, іс-сапарлар және басқа да көптеген шаралар жақсы дамыған. Студенттеріміз Қазақстанның жетекші мұнай компанияларында және шетелде тағылымдамадан өтіп, әлемнің көптеген университеттерінде академиялық ұтқырлық бойынша оқиды. Осыған байланысты түлектерімізге деген сұраныс әрдайым жоғары», – дейді оқытушы.
Ол жұмыс істеген жылдары жүздеген маманды даярлады. Олар бүгінде ТШО, Ембімұнайгаз, АМӨЗ сияқты ірі мұнай компанияларында еңбек етуде. Олардың қатарында инженерлер, геологтар, бұрғылау қондырғыларының шеберлері, кәсіпорын басшылары және басқа да мамандар бар.
«Мен әрқашан студенттеріме сенемін. Мұнай саласында жұмыс істеу үшін тек білім ғана емес, табандылық, батылдық және өз ісіне адалдық қажет. Менің түлектерімнің ішінде: Мазанова Самал, Қаражанов Ислам, Мишелов Асқар, Өмбетәлиева Айман, Жұрабеков Артур, Қадыржанов Махамбет, Урбисинов Әлібек, Сәрсенов Мұрат, Асабаева Ләззат, Досжанов Абзал, Түсіпқалиев Қуанышбек, Ниғметов Мирас бар. Олардың барлығы Қазақстанның және шетелдің жетекші компанияларында жұмыс істейді. Біз олармен мақтанамыз және қонақ дәрістерге шақырамыз. Кез келген оқытушы үшін оның шәкірттері өзін-өзі таныта алса – ең үлкен жетістік», – дейді Олимпиада Төлегенова.
Қазіргі заман оқытушысы үнемі білімін жетілдіріп отыруы керек. 2013 жылы Олимпиада Шахмуратқызы «Болашақ» бағдарламасы бойынша Мәскеуде білім алды, ал 2024 жылы Ұлыбританиядағы Лидс университетінде оқыды.
«Англияда оқу процесі басқаша жүреді. Оқыту шағын топтарда жүргізіледі, студенттер материалды өз бетінше зерттеуге баса назар аударады. Олар кітапханаларда көп уақыт өткізіп, әрбір жұмысы жеке бағаланады. Онда сыни ойлау мен коммуникативтік дағдыларды дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Ұлыбританияда студенттер өз зерттеулерін жүргізіп, кітапханаларға, онлайн-ресурстарға және академиялық қолдауға қол жеткізеді. Білімді бағалау жүйесіне емтихандар, курстық жұмыстар, презентациялар және диссертациялар кіреді», – дейді оқытушы.
Аман ШАМАР