Индерде ашық аспан астындағы «Димаш төбе» тарихи мұражайының құрылысы жүруде, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
«Димаш төбе» мұражайы Индербор кентінен шығысқа қарай 8 шақырым жерде, Индер-Қарабау тас жолының бойында орналасқан. Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, өткен жылдың желтоқсанда басталған құрылысын 2025 жылы маусымда аяқтау жоспарланған. Бұл туралы аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Дарын Ілиясов мәлім етті.
⁃ Бұл мұражай демалыс орны емес, тарихи-танымдық нысан. Ашық аспан астындағы музейде өңірдің тарихи жәдігерлері, археологиялық олжалар мен мәдени мұралары көрініс табады. Бұл мұражайдың аймақтың туристік тартымдылығын арттырып, Қазақстанның мәдени мұрасын дәріптеуге елеулі үлес қосатынына сенемін, - деді Д. Ілиясов.
Құрылыс жұмыстарын «СК Лира» ЖШС мердігер мекемесі атқаруда. Бүгінде құрылысқа 4 техника мен 12 адам жұмылдырылған.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ