Құрылтайда ұлттық бірегейлік мәселесі өте орынды көтерілді

Құрылтай барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев салық реформасы мен оның қоғамға ықпалы туралы айтып, бұл реформаның еліміздің экономикасының тұрақтылығы мен әлеуметтік міндеттемелерді орындау үшін аса қажетті екенін жеткізді. Сондай-ақ, Президент бұл реформаның қоғамға түсіндірілуі керектігін атап өтіп, әрбір азаматтың бұл өзгерістерді түсініп, қабылдауының маңыздылығын ерекше атап өтті. ​

Құрылтайда көтерілген мәселелерге қатысты елорда тұрғындары өз пікірлерін білдірді. Олар құрылтайда талқыланған бастамалардың ел мүддесі үшін маңызды екенін және бұл реформалардың халыққа пайдасын тигізетініне сенім білдірді. Құрылтайдың Бурабайда өтуі тегін емес. Бұл елдің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі болды. Құрылтайға Қазақстанның әр өңірінен келген түрлі сала мамандары, қоғам қайраткерлері, заңгерлер мен экономистер қатысты. Жиында азаматтық қоғамның дамуы, мәдениет пен өнер, білім және ғылым, әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері талқыланды. Құрылтайда көтерілген мәселелер мен қабылданған шешімдер Қазақстанның болашақтағы дамуына зор ықпал етіп, елімізді жаңа белестерге көтеруге бағытталған қадамдар болды.

Әсіресе, Мемлекет басшысының: "Ұлттық бірегейлігімізді нығайту жолында мәдениет саласы айрықша рөл атқарады. Әсіресе, төл мәдениетіміздегі Әз-Наурыз мейрамының орны бөлек. Наурыз мерекесі туралы жаңа тұжырымдама әзірленді. Еліміз Ұлыстың ұлы күнін 14 наурыздан, яғни Амал күнінен бастап, он күн бойы атап өтетін болды. Әр күнге нақты атау берілді. Жұртшылық бұл бастаманы жақсы қабылдады. Әсіресе, Наурызнамадағы «Ұлттық киім күні» қоғамның зор қолдауына ие болды. Ұлттық киімдерге деген қызығушылық арта түсті. Мектептерде, түрлі мекемелерде, сондай-ақ, ірі компанияларда ұлттық киімге мән беріле бастады. Сұранысқа сай тігін цехтары ашылып, жаңа брендтер, дүкендер пайда болды. Осылайша, ұлттық киім кию біртіндеп қалыпты көрініске айналып келеді. Бұл – өте жақсы үрдіс. Бет-жүзді тұмшалайтын қара киімнен гөрі өзіміздің ұлттық киімдеріміз әлдеқайда артық. Әсіресе, әйелдердің дәстүрлі киімі өте ғажап көрінеді. Себебі ұлттық киім, бұл – біздің бірегей ұлттық болмысымыздың маңызды көрінісі. Оны жан-жақты дәріптеуіміз керек" деген сөздері іс жүзінде кешегі Наурызнама барысында айқын қолдау тапты.

Құрылтай барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабай курорттық аймағын дамытудың 2029 жылға дейінгі кешенді жоспары қабылданғанын және оны жүзеге асыру үшін шамамен 140 миллиард теңге бөлінетінін мәлімдеді. Бұл қаржының жартысына жуығы жеке инвестициялардан құралады. Президент Щучье-Бурабай курорттық аймағындағы инфрақұрылымды дамыту қажеттігін атап өтіп, жаңадан салынатын Конгресс-орталықтың Бурабайдың бетке ұстар орны болуын тапсырды. ​Сонымен қатар, құрылтайда ұлттық құндылықтарды нығайту, білім беру саласындағы реформалар, мәдениет және өнерді дамыту, әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша пікір алмасулар өтті. Қатысушылар қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылап, олардың шешу жолдарын ұсынды. ​

Гүлжан МҰҚАТАЕВА,

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Атыраудағы іскер әйелдер кеңесінің төрағасы