4 мыңға жуық мемлекеттік қызметкер декларация тапсырды

Бүгінде аймақтағы төрт мыңға жуық мемлекеттік қызметші кірістер мен мүліктер декларациясын тапсырды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бұл туралы Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы Нұрмира Орынбаева ӨКҚ баспасөз мәслихатында мәлім етті. Бөлім басшысы декларация тапсырудың маңыздылығын атап өтті.

- Жалпыға бірдей декларация табыс ету ашықтық пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің маңызды тетігі. Біз бұл процесті барынша жеңілдету және ыңғайлы ету үшін түсіндіру жұмыстарын жалғастырамыз, – деді Н.Орынбаева.

Декларацияны e-Salyq Azamat мобильді қосымшасын пайдаланып, cabinet.salyk.kz веб-порталы арқылы онлайн жіберуге немесе мемлекеттік кірістер басқармаларының кеңселерінде қағаз жүзінде тапсыруға болады.

Айта кетейік, декларация тапсыру 15 қыркүйекке дейін жалғасады. Уақтылы тапсырылмаған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Аман ШАМАР

Фото: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ