Былтыр ауданда атқарылған істер аз емес, жүзеге асқан жаңа жобалар да жетерлік. Нәтижесінде, жалпы ішкі өнім көлемі 23 млрд теңгеге жетіп, 103 пайызға артып отыр. Аудан бюджеті де екі есе ұлғайған. Инфрақұрылым желісі толықтай дерлік жүргізілді деуге болады. Жаңа әлеуметтік нысандар салынып, ескісі жаңартылуда. Ауылішілік жолдар да солай. Бүгінде ауылдың бәрі қажетті мамандармен қамтылған, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бұл жұмыстар алда да жалғасын табатын болады. Атап айтсақ, биыл 107 тұрғынға баспана беру және жаңа мәдениет үйлері мен спорт кешендерін ашу жоспарда бар. Біз мұны аудан әкімі Абат ЖАНҒАЛИЕВТЫҢ өз аузынан естідік.
– Абат Сайфоллаұлы, алдымен ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталсаңыз.
– Құрманғазы жер көлемі мен халық саны жөнінен өңірде екінші орын алатын аудан екені белгілі. Осындағы 19 ауылдық округ пен 49 елдімекенде 55,4 мың адам тұрып жатыр. Тұрғындардың дені ауыл шаруашылығымен айналысады. Жалпы ішкі өнім көлемі 23 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 103 пайызды көрсетіп отыр. Бұл – марқаюға тұрарлық өсім. Биылғы қаңтар айындағы көрсеткіш бойынша асылтұқымды мал шаруашылығын дамыту мақсатында 192 қожалыққа 211 млн теңге субсидия төленді. Барлығы 52 қожалық пен жеке азаматтар 601 гектар алқапқа егін егіп, одан 7268 тонна өнім алды. Сондай-ақ, қожалықтардың материалдық-техникалық базасын жақсарту бағытында 33 трактор мен шөп шабу-жинау агрегаттарын алуға 77 млн теңге субсидия берілді. Тіпті, бір шаруа қожалығы жаңбырлатып суару техникасын алуға 23 млн теңге субсидия алғаны бар.
– Аудан аумағы теңізге жақын орналасқан. Осы орайда, балық шаруашылығы қалай дамып жатыр?
– Бүгінде ауданда алты табиғат пайдаланушы кооператив балық аулаумен айналысады. Оларға биыл 1 шілдеге дейін тиісті лимит, яғни, рұқсат берілді. Өткен жыл мен биылдың аралығында 7,4 мың тонна балық ауланды. Бұл да жаман көрсеткіш емес деп ойлаймын.
Айтпақшы, ауданға 25 мың тонна африкалық жайын шабағын әкеліп, тоған шаруашылығымен айналыса бастаған «Абдулов» шаруа қожалығы туралы өзіңіз де жаздыңыз. Әлгі шабақтан қазір 10 тоннадан астам ересек балық өсіп шыққан.
– Биыл аудан бюджеті екі есеге ұлғайғаны рас па? Оған не әсер етті?
– Иә, әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы бойынша былтырғы бюджет 96,6 пайызға орындалса, биыл 14,8 млрд теңгені игеру жоспарланып отыр. Шүкір, соңғы кезде ауданда кәсіпкерлік кең қанат жайып келеді. Бұл бағытта өткен жылы 22 нысан ашылды. Оның ішіндегі ірілеріне тоқталсам, Ақтөбе-Астрахан тасжолының бойынан жанар-жағармай құю бекеті мен жолаушыларға қызмет көрсету бағытында асханасы бар тағы бір бекет ашылды.
Бұдан бөлек, қосымша 12 млрд теңге инвестиция тартылып, бұрынғы Шортанбай балық зауыты қайта жаңғыртылып жатыр. Сол сияқты, балық өнімдерін консервілеу бағытында «Нурсейт-сахиб» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 500 млн теңге инвестиция тартылды.
Міне, ауылшаруашылық саласына құйылып жатқан инвестиция аз емес. Алдағы уақытта да бұл жұмыстар жалғасын табатын болады. Дәл осылай келесі жылы да 3 млрд теңге инвестиция тарту жоспарда бар.
– Құрманғазы – туризмге сұранып тұрған аудан. Бұл бағытта былтыр туристерді тарту үшін 30 фестиваль өтеді деп айтылған болатын. Бірақ...
– Бұл жоспарды айтып келмейтін апат – су тасқыны бұзды. Елімізде әлемге танымал отыз көл бар екен. Соның аясында 30 фестиваль өткізу жоспарланған болатын. Енді ол ойымыз биыл жүзеге асады деп отырмыз. Бүгінде ауданда аңшылықпен және әуесқой балық аулаумен айналысуға арналған алпыс туристік орын жұмыс жасап тұр. Былтыр 5 мыңнан астам турист тартылды. Біздегі бір ғана лотос алқабын тамашалауға 3 мыңнан атсам шетелдік келді. Туризмді дамыту мақсатында тағы 13 кәсіпкерлік нысан ашуды жоспарлап жатырмыз. Бұл бағытта тиісті жер аумақтары алынып, дайындық жұмыстары жүруде.
– Иә, туризмді дамытып, мол табыс табуға болатынын Президенттің өзі де жиі айтып жүр. Бұл үшін туристер қатынайтын жол да сапалы болуы керек қой...
– Әрине, қалай десек те, жол экономиканың күретамыры болып қала береді. Бұл ретте, ауданда жол құрылысы бір сәтке де тоқтаған емес. Мәселен, қазір аудандық маңызы бар Ақкөл, Ғ.Әліпов, Жыланды, Қиғаш елдімекендеріне қатынайтын жол құрылысы жүріп жатыр.
Одан бөлек, төрт ауылішілік жол салынуда. Бірлік-Құрманғазы бағытындағы жол құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасына түзетулер енгізіліп, құрылысы жалғасуда. Азғыр округіндегі ауылдарға қатынайтын жолдарға қатысты да солай. Биыл Жыланды, Кадырка, Алға елдімекендерінде ауылішілік жол құрылысына қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы өтеді. Қалған Ақкөл, Хиуаз, Орлы ауылдарындағы кей жолдардың құжаттамасына түзетулер енгізілді.
– Басқа да инфрақұрылым игіліктерін айта кетсеңіз.
– Жарықтандыру жайына келсек, қазір Ақкөл, Қошалақ, Асан ауылдарына жарық тарту үшін тиісті ЖСҚ жасақталу үстінде. Азғыр округі көршілес Ресейден жарық алады. Бұлдан бөлек, жеті округ көше жарығымен толық қамтылды. Былтыр қосымша 18 округте 1514 көше шамы орнатылып, 1404 электр бағанасы, 34 трансформатор мен 30340 метр электр желісі ауыстырылды. Ақкөлде қосымша станса салынып жатыр. Мұнда 605 бағана мен 23 шам орнатылды. Құрылыс мамыр айына дейін аяқталады деп күтілуде. Биыл 17 округке 584 шам, 15 трансформатор, 1466 бағана орнатып, 48 мың метр желі жаңарту жұмыстарын жоспарлап отырмыз.
Ал, көгілдір отынмен аудан толықтай қамтылған деуге болады.
– «Үш жылда 1300, соның ішінде ауылдағы 900 білім ордасын жаңғырту қажет» деген болатын Президент Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында...
– Сөзсіз, білім беру саласы әрқашан қатаң бақылауда болуы тиіс. Ауданның білім сапасы бүгінде 53,4 пайызды құрайды. Тұрғындарға 33 мектеп пен 23 балабақша қызмет көрсетуде. Осы орайда, ғаламтор жылдамдығын жақсарту үшін шекаралық Азғыр мектептерінде және Жасталап ауылында оптикалық талшықты интернет желісін тарту жоспарда бар.
Жалпы, былтыр жиырма маманға «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша 7,4 млн теңге көтермеақы беріліп, сегіз маманға тұрғын үй несиесі төленді. Өткен оқу жылында 476 түлектен төрт оқушы «Алтын белгі» мен 19-ы «Үздік аттестатқа» ие болды. Былтыр біздің аудан ең үздік үшінші олимпиадалық команда атанса, биыл екінші орын иелендік.
Мектеп құрылысына келсек, ауданда үшауысымдық білім ұясы мүлде жоқ. Былтыр Ақкөл мен Құрманғазы ауылдарында 600 орындық «жайлы мектеп» құрылысы басталды. Сондай-ақ, 157 млн теңгеге жеті мектептің бірінші қабаты, асханасы мен кітапханасы жаңғыртылып, 109 млн теңгеге 12 арнайы кабинет сатып алынды.
Балабақша базасын жаңарту үшін 23 нысанға 46,5 млн теңгеге ноутбук, мұздатқыш, электрлік плиталар алынды. Өткен жылы облыс әкімінің қолдауымен төрт мектеп пен бір қосымша білім беру ұйымы автобуспен қамтылды. Тағы да осындай автобустар алу жоспарда бар. Бұдан бөлек, Теңіз ауылында 140 орындық балабақша мен Абай мектебін күрделі жөндеуге ЖСҚ жасақталып, сараптамадан өтуде.
– Құрманғазы-Атырау бағытындағы автобусқа жолаушылардың таласып қалған видеосы желіде желдей ескен еді...
– Жалпы, мереке күндері такси бағасы аспандап кетеді. Сондықтан тұрғындар тарапынан автобусқа сұраныс артты. Осыны ескеріп, дереу облыстық жол басқармасы арқылы мемлекеттік сатып алу бойынша байқау жарияладық. Оны «Ақжайық автопрак» ЖШС ұтып алды, қазір тұрғындардың игілігі үшін қызмет көрсетуде.
Енді желідегі бейнежазбаға келсек, бұл мәселе оң шешімін тапты. Ал, автобусқа таласқан жолаушылардың бірі ауруханаға түскені жөніндегі ақпарат расталмады. Яғни, ауруханаға да, полиция бөлімшесіне де ешкім хабарласпаған. Осы орайда, біз автобекет құрылысы үшін де арнайы жер қарастырып, ЖСҚ жасақтауға ұсыныс беріп жатырмыз. Аялдама орнын да дайындап қойдық. Сәйкесінше, тиісті диспетчер де қойылады. Әзірге автобус Атырау автобекетінен және аудан орталығындағы «Қазақтелеком» мекемесінің алдынан қозғалып жүр.
– Көптоғайда су жаңа «Баркас» кемесінің қаңырап бос тұрғаны рас па?
– Бұл кеме техникалық ерекшелігіне байланысты паром қызметін атқаруға сәйкес келмейді. Қазір ол толық күрделі жөндеуден өтуде. Ал, паромның орнына жаңа көпір салынады. Оның құрылысына ЖСҚ жасақталып жатыр.
– Желіде су түбін тереңдету жұмыстарына шағымданған тұрғындардың да видеосы жүр...
– Иә, бұл жұмыстар мал жайылатын өрісті бүлдіріп жатыр деп қожалық иелері алаңдаушылық білдіргені рас. Бірақ, бұған жауапты «Павлодар өзен порты» мекемесі ЖСҚ-ға сәйкес жұмыс жасап отырғанын қаперге бергім келеді. Яғни, су түбінен қазылып алынған топырақ жағаға шығарылады. Рекультивация жұмыстары осылай жасалады. Екіншіден, Қиғаш пен Шарон өзендерінің бойындағы теректерге зақым келгенін мойындаймыз. Бірақ, бүлінген бір ағаштың орнына он тал егілетін болады. Ал, эксковатордың күші жетпегендіктен дұрыс қазылмай қалған аумақтар бойынша белсенді азаматтармен бірігіп мониторинг жұмыстарын жүргіздік. Нәтижесінде, ондай учаскелермен «земснаряд» техникасы жүріп өтетін болып шешілді.
– Ұлттық құрылтайдың биылғы отырысынан «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 188 нысан салынатыны белгілі болды...
– Денсаулық сақтау әлеуметтік саланың ең маңыздысы болып табылады. Бүгінде аудан бойынша 38 медициналық мекемеде 77 дәрігер мен 342 орта буын қызметкері жұмыс жасайды. Былтыр аудандық аурухана білікті он дәрігермен толықты. Сөйтіп, кадр тапшылығы шешімін тапты. Жас мамандарды ауылға тарту үшін облыстық мәслихат шешімімен екі маманға 10 млн теңге, жеті маманға 8,5 млн теңге біржолғы жәрдемақы және үш адамға тұрғын үй несиесі берілді.
Өткен жылы ауданға жеті жедел жәрдем көлігі табыс етілді. Осындай бір көлікті Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов Сүйіндікке тарту етті. Сонымен бірге, бес маманға аудан орталығынан қызметтік пәтер берілді. Бұл бағытта тағы да сұраныстар жолдануда. Былтыр Алтыншы, Кадырка, Шағырлыдан фельдшерлік пункт және Сүйіндік пен Балқұдықтан ауылдық амбулатория ашылса, биыл тағы 11 нысан пайдалануға беріледі.
Аудандық аурухана базасында екінші операциялық блок ашып, ота жасаушыларды даярлық курсынан өткізу жоспарда бар. Сол сияқты, ғимаратты күрделі жөндеуден өткізу де жоспарда тұр. Қазір магнитті-резонанстық томография (МРТ) құрылғысын алғалы жатырмыз. Ол үшін ауруханаға жапсарлас арнайы ғимарат салынатын болады.
– Жемқорлықпен күрес жемісін беріп жатыр ма?
– Мұнымен тұрақты комиссия айналысады. Өзім осы лауазымға тағайындалғалы жемқорлық дерегі тіркеле қоймады. Алдағы уақытта да тіркелмейді деген сенімдемін.
Жалпы, бізде мемлекеттік қызметтің 46 түрі көрсетіледі. Оның ішінде жер қатынастары, құрылыс және әлеуметтік салада (жұмыспен қамту, әскери қызметке алу) жүктеме көп. Қазіргідей цифрландыру заманында қызмет көрсетуді кешіктіру немесе мүлде көрсетпеу деректері орын алып жатқан жоқ. Былтыр 10937 қызмет көрсетілсе, оның 729-ы – қағаз, қалғаны – электронды түрде. Заңға сәйкес, әр мемлекеттік қызметкер үш жыл сайын біліктілігін арттырып тұрады. Олар «Таза Қазақстан» акциясына да белсенді қатысып, соның арқасында «Таза аудан» номинациясын жеңіп алған болатынбыз!
Өзіме келсем, өткен жылы барлық 19 округтің тұрғындарымен кездестім. Әр жартыжылдық сайын 38 кездесу өткізіліп, нәтижесінде 84 мәселе жоспарға енгізілді. Ал, 33 қабылдауда 139 адамның ұсыныс-пікірін тыңдап шықтым. Әлеуметтік желідегі жеке парақшаларым арқылы да халықпен ұдайы байланысқа шығып отырамын. Бұдан бөлек, биыл Азаматтарды қабылдау орталығы ашылды. Алда «109» бірыңғай байланыс орталығының жұмысын кеңейту де жоспарда бар.
– Сөз соңында алдағы жоспарыңызбен бөліссеңіз.
– Жоспар өте көп. Биыл 3 млрд теңге инвестиция қаражатына бес кәсіпкерлік нысан ашқымыз келеді. Айтпақшы, былтыр аудан орталығындағы екіқатарлы көппәтерлі үйлер апатты деп танылып, 32 тұрғынды үймен қамтыған едік. Сол жұмысты биыл да жалғастыратын боламыз. Өткен жылы әлеуметтік осал топқа жататын 22 тұрғынға баспана берсек, биыл 107 азаматты қуантқымыз келеді.
Бұдан бөлек, қайта жаңғыртылып жатқан орталық стадионды осы жылы пайдалануға берсек дейміз. Сол сияқты, Бірлік, Бөкейхан, Көптоғайда салынып жатқан мәдениет үйлерінің құрылысын да аяқтауымыз қажет. Асан мен Ғ.Әліпов ауылдарында да жаңа клубтар салынуда. Осындай жұмысты Азғыр мен Теңізде де бастағымыз келеді. Сонымен бірге, Жұмекен, Сафон, Сүйіндік пен Нұржауда спорт кешендерін салу үрдіс алған болатын. Осындай игі істер Жыланды мен Көптоғайда да биыл жалғасын табуға тиіс. Былтыр 15 ауылда ойын алаңының құрылысы басталған еді, биыл оған тағы 15-і қосылады.
Сонымен қатар, Кудряшов, Бөкейхан ауылдарында салынып жатқан су тазарту имараттарын да тезірек пайдалануға бергіміз келеді. Сол секілді, мүгедектер мен зейнеткерлерге әлеуметтік көмек көрсететін орталықтарды жаңарту жұмыстарын да бітіретін кез келді.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ