«Құрманғазы-Атырау» бағытында жолаушылар автобусына қатысты жаңа жылдық мереке күндері жолаушылар көбейіп, уақытша кедергілер туындаған болатын, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Осыған орай, Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары Марат Хасанов Құрманғазы-Атырау бағытындағы автобусқа жолаушылардың таласа мінуінен орын алған келеңсіздікке қатысты түсініктеме берді.
«Құрметті аудан тұрғындары! Құрманғазы-Атырау бағытындағы машрут бойынша билетті әзірге жүргізушіден, ал, Атырау-Құрманғазы бағытына Атырау автобекет кассасынан аласыздар. Құрманғазы-Атырау бағыты бойынша онлайн билет платформасына қосылуға өтінім берілген, ол 15 жұмыс күні ішінде іске қосылады. Уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз» деді ол.
Ал, аудан әкімі Абат Жангалиев бастаған әкімдік мамандары қоғамдық көлік қозғалатын орынға барып, автобустың жүру уақыты, жолаушылардың орналасуы, билет алу мәселелерін талқылады. Бұл туралы аудандық әкімдіктің баспасөз қызметі мәлім етті. Қазір жолаушылар қатынасы реттеліп, 53 орындық үш бірдей автобус белгіленген уақытпен жүруде. Бұл уақытша туындаған қолайсыздық мереке күндері аудан тұрғындарының ауыл мен қала арасына қатынасының көбеюінен болған еді.
Алдағы уақытта жолаушылар билетін алдын-ала сатып алуды оңтайландыру мақсатында Atyraubus.kz бағдарламасы толық іске қосылады деп жоспарлануда.
Анықтама үшінайта кетейік, Атырау қаласының автобекетінен автобус сағат 07:50, 12:10, 19:00-де, ал Құрманғазы ауданы Қазақтелеком мекемесінің алдынан сағат 06:00, 11:00, сағат 17:00 –де қозғалады.
Айта кетейік, әлеуметтік желіде Құрманғазы ауданының орталығында жолаушылардың автобусқа таласа мініп жатқан видеосы тараған болатын.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ