Антикор түлектер кешіне ақша жинау фактілері туралы хабарлауды сұрады

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жетісу облысы бойынша департаментінің өкілдері мектепте ақша жинау фактілері туралы хабарлауды сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Оқу жылының аяқталуына байланысты, білім беру мекемелерінде түлектер кешін ұйымдастыру жоспарланады. Сондай-ақ мұғалімдерге сыйлықтар алу үшін ақша жинау қаупі бар.

Осыған орай азаматтарға мұндай әрекеттерге бару заңмен қатаң тыйым салынғанын айта кету маңызды.

ҚР "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы" Заңының 22-бабы 1-1 тармағына сәйкес мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары бағынысты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтар жасауының алдын алу жөніндегі лауазымдық міндеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін жауапқа тартылатынын ескертеміз", - делінген ведомство хабарламасында.

Ата-аналардан немесе қызметкерлерден ақша жинау фактілері немесе басқа да сыбайлас жемқорлық көріністері туралы 1424 Call-орталығына хабарлауға болады.

«Азаматтардың барлық өтініштері міндетті түрде қаралады. Барлық қажетті шаралар қабылданатын болады», - делінген ведомство мәліметінде.