"Қазір қаңғып жүрміз!". Атырауда үйлері өртеніп баспанасыз қалған тұрғындар басшылардан көмек сұрады

Атырауда үйлері өртеніп, баспанасыз қалған тұрғындар басшылардан көмек сұрады.

Олар әкімдік берген жатақхананың қолайсыз екендігін, оның өзі тек қыркүйек айына дейін ғана берілгенін айтады. Онда да жағдай жоқ. Мына аптап ыстықта салқындатқыш та жұмыс істемейтін көрінеді.

 - Әкімдеріміз қозғалып, мына 8 үйдің осы материалдық шығынының барлығын өтеп берсе екен деймін. Қазір мынадай аптап ыстықта әр адам әр жерде тентіреп жүр. Мұнайлы астананың халқымыз ғой. Осы халыққа қарау керек қой үкімет. Қазір қаңғып жүрміз. Ана үйге, мына үйге барамыз, - дейді үйсіз қалғандардың бірі Асқар Серіков.

 Қиын жағдайға қалып, ертеңіне алаңдап отырғандардың бірі Гүлмира Аманшиева қаладағы мекеме, кәсіпорындар қайырымдылық танытып, қол ұшын бермес пе екен деген үмітте. - Шапшаңдатып, мына шатырымызды жауып, кішкене үйімізді ретке келтіріп берсе деп көмек сұраймыз. Қазір келтірілген шығын есептеліп жатыр. Бірақ бұл үйлердің нақты қашан қалпына келетін әлі белгісіз, - дейді ол.

 Ал, қала әкімі аппараты бөлімінің басшысы Талғар Хабибуллин зардап шеккендерге әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы бір жолғы көмек беру қарастырылып жатқанын жеткізді.

 - Тұрғындар өтініш берген уақытта бір жолғы көмек беріледі. Қазір өрттің шығу себебі, оның зардаптары төтенше жағдай департаментімен анықталуда, - дейді ол.

 Айта кетейік, жақында Атырау қаласындағы Гауһартас тұрғын үй кешенінен өрт шығып, қаз-қатар тұрған үйлер тілсіз жаудың құрсауында қалған болатын.