Мысықты өлтірмек болған: балалардың үй жануарына деген қатігездігі алаңдатады

Атырауда балалар мысықты өлтіру ниетімен мойнына жіп салып қинаған, деп хабарлайды ATpress сайты.

Бұл оқиға «Авангард-4» шағынауданындағы көпқабатты үйлердің бірінде болған. Балалар аулада адасып жүрген мысықты ұстап алып, мойнына қара жіп салып әбден қинаған. Мұны сол үйдің тұрғыны  байқап қалыпты. Бүлдіршіндердің  мазағына айналған үй жануары туралы ақпарат лезде «Доброе сердце Атырау» қоғамдық қорына жіберіледі. Қордың белсенділері бұл жайлы Help_animals_atyrau Инстаграм парақшасына салып, атыраулықтардан көмек сұрайды.

«Бүгін дүкеннен келе жатсам, үйдің кіре берісінде мойнына жіп салынған мысық ес-түссіз  жатыр. Оны әдбен қинап, өлтірмек болған екен. Мен оған су сеуіп, есін жиғыздым. Мысықты алып кетіңіздерші», деп жанайқайын жеткізіпті.

«Доброе сердце Атырау» қоғамдық қорының жетекшісі Венера Манасоваға хабарласқан кезде, ол мысықты жүрегі жомарт бір әйелдің алып кеткенін айтты.

-Өкінішке қарай, үй жануарына осындай қатігездік танытқан балаларды анықтау қиын.  Олардың кім екенін білмейміз. Бірақ үлкендер жағы бұлай жасамасы анық. Не болса да, баланың ісі, - дейді В.Манасова.

Бесіктен белі шықпай жатып балалар қатігездікті қайдан үйренеді?  Жуырда ғана «Нұрсая» шағынауданында да осындай оқиға боды. Онда жеткіншек қыздар бұралқы күшікке сыраның бос ыдыстарын лақтырып, қуалап, тыныштық бермеген. Мұны байқаған үй тұрғыны видеоға түсіріп, күшікке тиіспеуін өтінген. Алайда қыздар оның бұл сөзіне мән бермеді. Бақытқа орай, күшікті асырап алушылар табылып, үйіне алып кетіпті.

Осы  оқиғаларға байланысты Атырау облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің түсіндіруі бойынша, ҚР Қылмыстық Кодексiні 316-бабының «Жануарларға қатыгездiк жасау бабы» бойынша жауапкершілік көзделген. Егер бала 16 жастан кіші болса, онда баланың әрекеті үшін оның заңды өкілі  жауап береді.  

«1. Жануарларға олардың өлуiне немесе мертiгуiне әкеп соққан қатыгездiк жасау, егер бұл іс-әрекет бұзақылық ниетпен немесе садистік әдiстерді қолдана отырып немесе жас балалардың көз алдында жасалса, – 120 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 120 сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға не отыз тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.

2. Адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған немесе бiрнеше мәрте жасалған дәл сол іс-әрекет – 200 АЕК дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не  сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады» делінген ҚР Қылмыстық Кодексінің 316-бабында.

Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар ересектер тарапынан да жиі жасалады. Естеріңізде болса, 2020 жылы Индер ауданында ер адам иттің басын тоңазытқыштың есігіне қысып, өлтірмекші болған. Абырой болғанда, салпаңқұлақ аман қалды. Оған Лаки деген ат беріліп, оны шетелдік Эллин есімді әйел  АҚШ-тың Калифорния штатына алып кетті.