Атырауда биыл жаз басталғалы оқыс оқиғалар күрт көбейіп кетті. Өкініштісі, соңы қайғылы аяқталып жатыр. Осыған орай, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары дабыл қағуда, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Мәселенің мән-жайын бізге департаменттің Өрт сөндіру қызметінің баспасөз хатшысы Фаруза Кайроллина түсіндіріп берді.
«Біріншіден, тұрғындарға қанша рет ескерту жасасақ та, көбісі суға шомылу ережесін сақтамайды. Қала аумағында Жайық өзені бойында күн сайын сағат 11:00-ден бастап 22:00-ге дейін кезекшілік ұйымдастырылып, құтқарушылар рұқсат етілмеген қауіпті учаскелерде суға шомылып жүрген тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Алайда, жүргізілген үгіт-насихат жұмыстарына қарамастан, жекелеген бұзушылықтар тіркеліп отыр.
Екіншіден, жыл сайын жаз мезгілінде балалардың көп қабатты үйлердің терезелерінен құлау себептерінен жарақат алу және қаза болу жағдайлары тіркеліп, жыл сайын саны артып отыр. Құрметті ата-ана! Балаңыздың өмірі, денсаулығы мен тағдырына, қауіпсіздігіне немқұрайлылық танытпаңыз! Балаңызға қауіпсіздік ережесін жеңіл түсіндіріп, қараусыз қалдырмаңыз! Біз үшін әр бір өмір маңызды» деген ол жазғы демалыс кезінде балаларды мұқият бақылауға және судағы қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырды.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ