Екі "жедел жәрдем" батпаққа батып қалды

Исатай ауданында аяқ астынан авариялық-құтқару жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

26 наурызда сағат 22:40-та Аққыстау ауылынан  шамамен 16 шақырым жерде "жедел жәрдем" автокөлігі батпаққа батып қалды деген шақырту түсті. Құтқарушылар шақырту орнына жеткен кезде «Қызыл үй» елдімекенінен шыққан аудандық емхананың УАЗ автокөлігі жүкті әйелді тасымалдау барысында батпаққа батқанын анықтады. Олар көлікті күре жолға сүйреп шығарды. Авариялық-құтқару жұмыстарын облыстық ТЖД-нің бес қызметкері мен бір техникасы, «Болат – Д» ЖШС-нің қызметкері мен техникасы жүргізді.

Дәл осындай жағдай Тұщықұдық ауылдық округінен шамамен 35 км қашықтықта орын алды. 27 наурызда  сағат 01:10-да  УАЗ көлігі батпақтан шыға алмай қалғаны, онда жүкті әйел мен үш бала бар екендігі жөнінде шақырту түсті. Құтқарушылар «Дутбаев» қыстағының маңында батпақтқа батқан көлікті күре жолға жеткізді. Бұған облыстық ТЖД-нің бес қызметкері мен бір техникасы жұмылдырылды. 

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ