Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов журналист Виктор Сутягиннің өртенген көлігіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды AtyrauPress.
"Бұл істі соңына дейін тексеріп, кінәлілерді жазалау атыраулық полицейлер үшін борыш деп санаймын. Істің қалай жүріп жатқанын айтуға құқығым жоқ. Бірақ, полиция департаментіне дереу кінәлілерді табуға тапсырма берілген болатын. Мұндай жағдай бұрын-соңды өңірде болған емес. Сондықтан мұны өзіме өте жақын қабылдадым" деді аймақ басшысы баспасөз конференциясында.
Еске сала кетейік, биыл мамырдың онынан он біріне қараған түні белгілі журналистің ауласында тұрған "Lexus RX-300" көлігін белгісіз біреулер өртеп кеткен еді. Кейін Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен криминалдық полиция қызметкерлері аталған оқиғаға қатысы бар күдіктіні ұстағанын мәлімдеген болатын.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ