ATPress.kz. 16 желтоқсан. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы аясында Құрманғазы ауданы Еңбекші ауылдық округінің әкімі Қанат Ғаббасов бір топ ардагерлер мен түрлі сала қызметкерлері үшін Хан ордалы Сарайшыққа саяхат ұйым
Округ әкімінің айтуынша, бұл сапарға жеке кәсіпкерлер Бержан Кенжебаев пен Нұрлан Хұсайынов демеушілік жасады.
Таңертең ерте шыққанымызбен жер тайғақ болғандықтан Сарайшыққа дейін жеті сағат жүруімізге тура келді. Сарайшық ауылдық округінде 2900-дің үстінде тұрғындар бар екен. Көлік «Хан ордалы Сарайшық» мұражай қорғының алдына тоқтағанда жүздері шаршаңқы көрінген қарияларымыз бірден сергіп сала берді.
Мұражай қорықтың жәдігерлерімен таныстырушы Жанар Диярованың айтуынша, араб саяхатшысы Ибн Баттут өзінің 1334 жылы Азияға жасаған сапарында Сарайшықта болған. Ол жөнінде «Дешті Қыпшаққа саяхат» деген еңбегінде жазып қалдырған. «10 күн дегенде Сараджук қаласына келдік. «Джук» - кішкентай деген мағынаны білдіреді. Бұл Ұлысу деп аталатын үлкен де терең, ағысы қатты өзеннің жағасында орналасқан. Онда Бағдаттың көпіріндей қайықтардан жасалған көпір бар», деп жазған екен. Мынау қаладағы «Секер көл» деген аңыз негізінде салынған сурет, - дей келе ол, - Сарайшықтың дәуірлеген кезінде ені сегіз, ұзыны он бір шақырым болып, мұнда 25-35 мыңдай халық тұрғанынан хабардар қылды. Осында қойылған, көненің көзі саналатын жәдігерлер туралы жан-жақты, қызықты мағлұматтар беріп, кеңірек таныстырды».
Бату хан кезінде салынған бұл қала 350 жылдай уақытта үлкен сауда орталығына айналған. Қалада керуенсарайлар, монша, су жылыту, кәріз жүйелері де болған. Оған куә қазба жұмыстары. 1262 жылы Алтын Орда ханы Берке ислам қабылдағаннан кейін шаһарда 7 мешіт салдырған.
Келесі кезекте Ақтаудың ұлу тастарынан салынған «Хандар кесенесі» мемориалдық ескерткішіне бардық. Оның биіктігі 14 метр. Сегіз қабырғалы. Қабырғалардың арасына осында жерленген жеті ханның құлпытастары қойылған. Құлпытаста олардың аты-жөні мен қашан билік құрғаны көрсетілген. Бұл хандар Мөңке Темір (1266-1282), Тоқты (1291-1312), Жәнібек (1343-1353, Әмір Оқас (1440-1447), Қасым (1511-1518), Ших Мамай (1542-1549), Жүсіп (1549-1554).
Қ. Ғұмаров