ATPress.kz. 24 қараша. Бүгін Атырауда 15 жыл жазылған «Атырау арулары» кітабының тұсауы кесілді. Тұсаукесер рәсімі гендірлік стратегия турасындағы конференция барысында өтті.
Кітапта ерлігімен, өнерімен есте қалған аналардың өмірі жайлы сыр шертіледі.
- Жаңа туындыда қоғамның әр саласында салмақты үлес қосқан әйелдер қауымы туралы айтылады. Аймақта еңбек еткен мұнайшылар, балықшылар, өнер, қоғам қайраткерлері туралы ақпарат фотосуреттерімен берілген. Әлбетте, бір кітаптың ішіне еңбегі ерен аналарымыздың бәрін сыйғыза алмадық, - дейді кітаптың авторы, қоғам қайраткері Рашиля Мұрсалиева.
Туындының тұсаукесерінде сөз алған Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев:
- Қиын-қыстау кезеңдерде ардақты аналарымыз тек отбасының берекесін келтірумен айналысқан жоқ. Кешегі Фатима, Бопай аналарымыз, бертіндегі Хиуаздай батырларымыз халық үшін жан аямай тер төкті. Бұл кітап сол ардақты аналарымызға арналған. Өскелең ұрпақ бұл туындыны оқып-танысып, аналарының ерлігінен үлгі алуы керек. Кітаптың мұнымен тоқтап қалмай, келесі томдарының да жазылып, жарық көруін тілеймін, - деді.
Аймақ басшысының айтуынша, баспаға 15 жыл дайындалған кітаптың идеясы премьер-министрдің қазіргі орынбасары Иманғали Тасмағамбетовке тиесілі. Ал, туындының редакция алқасында тілші-ғалым Ғарифолла Әнес, Фариза Оңғарсынова, Айгүл Әжіғалиева, Қойшығұл Жылқышиев, Сәрсенбай Еңсегенов және Бақыт Иманғалиев пен Әбілхан Төлеуішевтер болған.
Нұрбейбіт Нұғыманов