Исатайда келіндер сайысы өтті

Бүгін Наурызнама бойынша – Жаңару күні. Осыған орай Исатай ауданында келіндер сайысы өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметінен білгеніміздей, іс-шараның мақсаты – қоғамға отбасының құндылығын, оның алтын қазығы – әйелдің сол үйдің алтын керегесі екендігін түсіндіру. Сондай-ақ келінге қатысы халықтық дәстүрді, туыстық атауларды басқа да жөн-жоралғыларды таныстыру. Сайыста Қамысқала, Тұщықұдық, Аққыстау, Жанбай, Нарын ауылдық округтерінен алты қатысушы бақ сынады.

Келіндер сайысы төрт кезеңнен тұрды. Алғашқы «Таныстыру» кезеңінде әр қатысушы өзінің жеке басын бейнеролик нұсқасында және өлең жолдарымен таныстырып өтсе, «Дәм думанда» қатысушылар өздерінің алдын ала үйінен дайындап әкелген түрлі тағамдарын қазыларға тарту етіп, таныстырды. Ал үшінші «Өнер сайысы» бойынша әр келін өзінің ән, би, көрініс, поэзия, тағы басқа жанрлар бойынша жеке өнерлерін көрсетіп, «Сыр сандық» кезеңінде әр қатысушыға әділ қазылар дайындаған көне сөздер, салт-дәстүрлер бойынша үш сұрақтан қойылды.

Исатай ауданы әкімінің орынбасары Нұрғайша Абежан іс-шараның маңызына тоқталды.

- Өздеріңіз білесіздер, халқымыз салт-дәстүрлерді жоғары бағалап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатыр. Оның үстіне биылғы Наурыз мерекесін ерекше тойлау қолға алынып отыр. Яғни әр күнге атау беріп, онкүндікті өткізуді бастаған болсақ, осы келіндер сайысы да Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен, сол онкүндік аясында өткізіліп отыр. Ал ұлттық киімге келер болсақ, оны қашан да дәріптеу жүру – өте қуантарлық жағдай. Бүгін де қатысушылардың шашбауын көтеріп келген ағайындар ұлттық кіиіммен келгені бізді қуантып тастады, - деген Н.Абежан, аудан халқын Наурыз мерекесімен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жарыс нәтижесінде, Әсемгүл Ерғазивеа 1-орынды, Арайгүл Шапихова 2-орынды, Гүлза Пауеденова 3-орынды иеленді. Ал Нұрсәуле Аққожа, Айша Мухамбет, Марта Жанелиева алғыс хатпен марапатталды.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ