ATPress.kz. 23 қараша. Іс-шаралар ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының Атырау қаласына келуімен байланысты өтуде.
Пойыз делегациясын кеше кешке Атырау облысы әкімдігі мен түрлі сала басшылары, қала тұрғындары салтанатты жағдайда қарсы алды. Делегацияға арнап теміржол вокзалында Атырау өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынды.
Құттықтау сөз алған Атырау облысы әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы делегациясының қатысуымен 23 қараша күні Атырауда жиырмаға жуық түрлі шаралар ұйымдастырылатынын қаперге берді.
- Тәуелсіздік - кешегі бабалардың аманаты. Біз Махамбет пен Исатайдың еліне өркениетіміздің дамуында із қалдырған Жұмекен мен Фаризаның жеріне келгенімізге қуаныштымыз. Мұндағы мақсат: ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойын ауылдан бастайық деген ой. Өйткені, ауыл дегенде алдымен батырлар мен небір даналар, Қазақстанның болашағы еске түседі. Біздің пойыз ауыл мен билік арасындағы алтын көпір тәрізді, - деді «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы штабының жетекшісі Әміржан Әлпейісов.
Делегация құрамында 7 министрліктің, 1 ұлттық компанияның өкілдері бар. Олар бүгінге дейін 36 мың адаммен кездесіп, жеті жарым мың адамға медициналық көмек көрсеткен.
«Тәуелсіз Қазақстан» пойызының Атырау қаласындағы 23 қарашадағы жұмыс сапары барысында төмендегідей шаралар ұйымдастырылатын болады:
- сағат 9.00 бастап теміржол госпиталі мен №3 қалалық емханада дәрігерлер халықты қабылдауды бастайды;
- сағат 10.00 «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы ғимаратында қоғамдық қабылдау өткізіледі. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ғимаратында бизнестік құқықтары мен мүдделері бойынша кеңес беріледі;
- сағат 10.00 облыс әкімдігінде ауыл шаруашылығы бойынша, Кеңөзек ауылдық округінде оралмандар мәселесі бойынша, Д.Нұрпейісова атындағы академияда білім саласы бойынша кеңестер беріледі;
- сағат 10.00 облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаментінде, жұмыспен қамту басқармасында келелі мәселелер бойынша сұрақтарға жауап беріледі.
Сондай-ақ, сағат 12.00-де «Назарбаев зияткерлік мектебінің» акт залында «Менің жетістіктерім – тәуелсіздіктің жетістіктері» тақырыбында жастар акциясы өтсе, сағат 16.30-да Ғ.Сланов атындағы облыстық кітапханада «Қазақстанның 25 кереметі» атты тәуелсіздік жылдарындағы Атырау облысының жетістіктері туралы фильмі көрсетіледі.
Нұрбейбіт Нұғыманов
Сурет автордікі