"Атырау" газетінің 100 жылдық мерейтойы аясында қос бірдей жаңа кітаптың тұсауы кесілді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бірі – ардагер журналист Өтепберген Әлімгереевтің "Қалам ұшындағы ғасыр" атты кітабы болса, екіншісі – тарих ғылымдарының докторы Аққали Ахметтің "Атырау" – баспасөз айнасы" еңбегі. Дәстүрлі тұсаукесу лентасын "Атырау-Ақпарат" медиахолдингі директорының орынбасары Исатай Балмағамбетов пен ардагер журналист Төлеген Жаңабайұлы қиды.
"Халықпен бірге 100 жыл болу – ғажайып дүние. Ал, аймақтың бас басылымының ғасырлық шежіресін мәңгілік мұраға айналдыру – кейінгі ұрпақтың парызы. Ендеше, "Атыраудың" торқалы тойы құтты болсын! Ел тарихын жазу бақыты тек журналистердің бағына бұйырған. Әр жерде орын алып жатқан әр оқиға – тарихтың бір парағы. Сондықтан журналист – ол өте зиялы адам болып саналады. Ал, тарихты тарих ететін бұл – кітап. Олай болса, "атыраулықтардың" қаламы мұқалмасын!" деді туынды авторы Өтепберген Әлімегерейұлы.
Ал, "Атырау" – баспасөз айнасы" кітабына "Ерік" газетінің 1923-1924 жылдары жарық көрген сандарының түпнұсқасы енгізілген.
"Біз газетті бала кезден осы күнге дейін қастерлеп, қадірлеп келе жатқан ұрпақпыз. Студент кезде де сатып алып оқыдық. Әлі де болса бір бетін де жыртпай, алақанда аялап келеміз. Осы орайда, мұнайлы мекеннің төл тарихын тасқа басқан "Атыраудың" орны ерекше. Мен де мұрағатта көп уақыт өткізіп, газеттің ең алғашқы сандарында жарық көрген материалдарды жинақтадым. Соны қайта өңдеп, мерейтой аясында көпшілік оқырман назарына ұсынып отырмыз. Осыған зор қолдау білдіріп, көп көмек көрсеткен "Атырау-Ақпарат" мекемесінің басшысы Жасын Ерсінұлына үлкен алғысымды айтқым келеді. Сол кездегі "Ерік" газетінің алғашқы сандарын Мәскеудегі мұрағаттан тауып, суретке түсіріп алдым да, кітапқа енгіздім. Бұл жұмыстар әлі де жалғасын табады деп сенемін" деді аталған кітаптың авторы Аққали Ахмет.
Қос кітап та жалпы оқырман қауымға арналған.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Фото: автор