Үкімет басшысы «Жігермұнайсервис» зауытында болып, өңірдегі машина жасау саласының даму қарқынымен танысты, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бүгінде облыстың өңдеу өнеркәсібінің үлесі шамамен 10%-ды құрайды. Бұл ретте машина жасау саласы жергілікті ерекшелікті ескере отырып, негізінен мұнай-газ қызметіне арналған тауарлар мен қызметтерді ұсынады.
«Жігермұнайсервис» – еліміздегі мұнай өндіру мен қайта өңдеуге арналған инновациялық өнім өндіретін негізгі кәсіпорындардың бірі, сондай-ақ бұрғылау қызметі бойынша көшбасшы. Дамудың перспективалы бағыты – тау-кен секторындағы кәсіпорындарға арналған құрал-жабдықтар шығару. Бүгінде зауыт бұрғылау-жару жұмыстарына арналған бұрғылау құралдары өндірісін іске қосты, деп хабарлады «Жігермұнайсервис» директоры Эльдар Байболов.
Кәсіпорын сервистік, металл кесу, ұсталық, дәнекерлеу жабдықтарын, 10 мың жоғары білікті қызметкерді қоса алғанда, қуатты өндірістік әлеуетке ие. Осыған байланысты Олжас Бектенов нарықтың ішкі қажеттілігін өтеу үшін өндірісті кеңейтіп, қуатын арттыру керегін атап өтті.