Атырауда коммуналдық қызмет сапасы арта ма?

Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Арман Өтегенов айтып берді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

"Былтыр жыл соңында  Үкіметтің қаулысымен бекітілген «Қазақстанда энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының басты мақсаты – халыққа коммуналдық қызметтерді сенімді әрі сапалы ұсыну және ел экономикасының орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін республикадағы энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды (желілер мен объектілерді) жаңғырту. Жобаны 2025-2029 жылдар аралығында іске асыру барысында елімізде апаттар деңгейінің 20%-ға төмендеуі, сондай-ақ энергетикалық және коммуналдық активтердің тозу деңгейінің орташа есеппен 40%-ға дейін төмендеуі күтілуде. Жобада атап көрсетілген кезеңде, яғни бес жыл ішінде жылумен жабдықтау саласында көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту және тасымалдау кезінде жылу шығынын мейлінше азайту үшін тозған желілерді ауыстыру және реконструкциялау көзделген. Сонымен қатар, электр станцияларын жаңарту қарастырылған. Қолданыстағы қуаттарды тиімді пайдалану және қызмет көрсету сапасын арттыру жоспарланған. Сумен жабдықтау саласында суды тазартудың заманауи технологияларын қолданысқа енгізу, басқару жүйелерін автоматтандыру, су құбырлары мен желілерін жаңғырту барысында жарамдылық мерзімі мейлінше ұзақ әрі төзімділігі жоғары материалдар пайдаланылатын болады. Бұдан күтілетін түпкі нәтиже – коммуналдық саланы сауықтыру" дейді ол.

Сәуле МАҒАУ