Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметтің кеңейтілген отырысында елде салынуы мүмкін екінші және үшінші АЭС құрылысына арналған аумақтарды анықтау жұмыстары аяқталуға жақын екенін айтты, деп хабарлайды Қазақпарат.
— Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында 3 Жылу электр орталығын салу жобаларын іске асыру басталды. Олар 2032-ші жылға дейін кезең-кезеңмен іске қосылады. Биыл 166 Мегаватт бу және гидрогенерация, сондай-ақ Жаңартылатын энергия көздері бойынша 10 нысанда 450 МВт қуат пайдалануға беріледі.
Жел энергиясы станцияларының негізгі компоненттерін шығаратын зауыт құрылысы басталды, — деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы АЭС құрылысына да тоқталды.
— Батыс Қазақстанның электр желілерін бірыңғай энергия жүйесіне қосу бойынша жобалау жұмыстары жүргізілуде. Жақын арада Алматы облысында бірінші Атом электр станциясын салу бойынша тиісті келісімдерге қол қоямыз. Сондай-ақ екінші және үшінші Атом электр станциясы құрылысының ықтимал орындарын анықтау үшін өңірлерді талдау жұмыстары аяқталуға жақын, — деді Премьер-министр.
Фото pixabay