БЖЗҚ көмекке келуге дайын

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында нақты секторды кредиттеу мәселелеріне қатысты өте орынды ой айтты, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Ол бизнестің кепілге қоятын мүлкінің болмауы нақты секторды кредиттеуге кедергі келтіретінін бүкпей ашық айтып отыр. Бұл ретте, займды кепілдендіру құралдарын көбейтуден басқа жол жоқ. Сондықтан Президент Үкіметке салалық даму институттарымен бірлесіп, кепілдік қорын құруды тапсыруы тегін емес.

Бұдан бөлек, мен қаржы саласының ардагері ретінде Мемлекет басшысының БЖЗҚ қаржысын стратегиялық жобаларға тарту туралы пікірімен толық келісемін.

«Банктердің, корпорациялардың, орталық және жергілікті билік органдарының жыл сайынғы жарнасы есебінен қаржыландырылатын мұндай қорлар бірқатар елде өз тиімділігін көрсетті. Сондай-ақ, экономикалық қайтарымы жоғары стратегиялық жобаларды жүзеге асырған кезде Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорынан нарық шарттарына сай «ұзақ мерзімге берілетін» қаржыны анағұрлым белсенді тартуға болады» деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Ендеше, БЖЗҚ қаражатын ұзақмерзімді мемлекеттік маңызды жобаларға тартудан қорықпау керек. Себебі, бұл жеке бір адамға қатысты емес, бүкіл ел мүддесін қамтитын шара деп түсінген жөн. Көш басында келе жатқан өркениетті елдердің өзінде осындай жаңашылдықтар әлдеқайда жүзеге асырылып, қазір өз жемісін беріп отыр.

Мұрат Ержанұлы, қаржы саласының ардагері