Жұмысшы мамандықтары жылы қарсаңында техникалық мамандар үшін «Наурыз жұмыскер» жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
«Наурыз жұмыскер» бағдарламасы өтінімдерді 2025 жылдың 17 наурызынан бастап қабылдайды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті. Жоба өнеркәсіп, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және су ресурстары саласының қызметкерлерін қамтиды. Биыл жұмысшы маман өкілдеріне 72 млрд теңге бөлініп, 2400-ден астам несие беру жоспарланып отыр.
- Бағдарлама талаптары бойынша азаматтардың әлеуметтік осал топтары үшін 7%, қалған санаттар үшін 9% мөлшерінде несие беріледі. Жөндеу жұмысы жасалған дайын пәтерді сатып алғысы келетіндер 10% алғашқы жарна жинауы тиіс, ал әрлеуі жоқ, жаңа салынған үйлер мен қайталама нарықтан баспаналы болғысы келетіндер кемі 20% бастапқы жарна құюы керек. Несиенің ең жоғары сомасы облыстар үшін 30 млн теңге, Астана мен Алматы қалалары үшін 36 млн теңге,-деді «Отбасы банкі» АҚ Атырау облысы филиалы директорының орынбасары Нұрболат Батыр.
Айта кетейік, былтыр «Наурыз» бағдарламасы аясында өңірде 155 несие берілген.
Сәуле МАҒАУ