Атырауда көлік жүргізушісі жетім баланы ұрған...

Атырауда "Шаңырақ" отбасылық үлгідегі балалар үйінің көлік жүргізушісі тәрбиеленушілердің біріне күш қолданды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бұл оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде пайда болды. Атырау облысындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Айжан Сәрсембаева оқиғаның мән-жайы қазір нақтыланып жатқанын айтты. Бейнежазбада ер адамның жасөспірімді қуып жетіп, оған соққы бергені көрінеді.

"Оқиғаға байланысты облыстық отбасылық үлгідегі балалар үйінде және жасөспірімдер үйінде тексеру басталды. Мен сол жерге барып, полиция департаментіне хабарласып, қызметкерлерді шақырдым. Сондай-ақ, облыстық білім басқармасы осыны зерделеу үшін комиссия құрды. Біз болған жайттың оқиғаның барлық мәліметтерін анықтап жатырмыз", - деді Айжан Сәрсембаева.

Мекемеде сегіз үй бар, оның жетеуінде 36 бала тұрады және тәрбиеленеді. Қауіпсіздік мақсатында 57 бейнекамера орнатылған, оның екеуі жедел басқару орталығына қосылған. Мекеменің жалпы штаты - 56 қызметкер. Педагогикалық құрамда тоғыз тәрбиеші-ана жұмыс істейді, оның жетеуі тұрақты, екеуі - кезекші.

"Білім басқармасы осы жағдайды тексеру үшін комиссия құрылып, оның өкілдері мәселені анықтау үшін отбасылық үлгідегі балалар және жасөспірімдер үйлеріне жіберілді. Сондай-ақ, бұл туралы облыстық полиция басқармасына хабарланды", - деді облыстық білім басқармасының басшысы Марат Әбуов

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын, тергеу амалдары жүріп жатқанын хабарлады. Тергеу мүддесі үшін қосымша ақпарат жария етуге жатпайды.

"Тексеру барысында мекеменің қызметтік автокөлігінің жүргізушісі 2024 жылдың 24 шілдесінде спорт залында жасөспірімге қол көтергені анықталды. Бұған жасөспірімнің жүргізушіге оның қадір-қасиетін қорлайтын сөз айтуы себеп болған. Бұның бәрі бейнежазбаға жазылып қалған. Алайда, психологпен әңгімелесу барысында жасөспірім жүргізушімен әзілдесіп, ойнағанын, оған ренжімейтінін және ешқандай шағымы жоқ екенін айтты" деп жауап берді облыстық білім басқармасында.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ