Атырау облысы бойынша «Қазгидромет» РМҚ 5 сәуірге арналған 8 сағаттың гидрологиялық мониторингін жариялады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бүгінгі таңда Жайық өзенінің жоғарғы ағысында (РФ) судың деңгейі көтерілуде.
БҚО гидропосттары бойынша, Январцево бекетінде тәулігіне су деңгейі 14 см-ге, Орал бекетінде деңгей тәулігіне 71 см-ге көтерілді. Мұз аралас су келе жатыр. Күшім ауылында судың деңгейі тәулігіне 41 см жоғарылайды. Ал Тайпақта су деңгейі тәулігіне 54 см-ге көтерілген.
«Росгидрометтің» ақпаратына сәйкес, Жайық-Атырау гидробекетінде судың деңгейі 540-600 см-ге көтеріледі деп күтілуде. Қауіпті деңгей – 550 см құрайды. Егер осы деңгейге жететін болса, онда өзен арнасынан тасиды.
Атырау облысы бойынша «Қазгидромет» РМҚ жетекші инженер-гидрологы Ақмарал Мизамғалиеваның айтуынша, гидробекеттердің көмегімен су деңгейі бақылануда.
«Жайық-Индербор гидробекетінде өткен тәулікте БҚО келген судың есебінен су деңгейі 32 см-ге көтерілді. Жайық-Махамбет гидробекетінде 2 см, ал Атырауда 4 см-ге көтерілді. 5 сәуір күні Иректі су қоймасынан секундына 2170 текше метр су келді. Еділ өзенінің бассейні Қиғаш каналында су деңгейі көтеріліп жатыр. Қиғаш-Шртанбай гидрологиялық бекетінде судың деңгейі 2 см-ге жоғарылап, 206 см-ді құрады», - дейді А.Мизамғалиева.
Су тасқыны басталғаннан бері су деңгейінің жалпы көтерілуі 77 см болды. Қиғаш каналындағы су тасқыны режимі Волгоград су қоймасындағы судың ағысына байланысты.
Еділ су электр станциясының арнайы су төгу кестесі 2024 жылдың сәуірінде белгіленді. 11 сәуірден бастап Еділ су электр станциясының орташа тәуліктік шығындары шамамен секундына 8000 текше метр. Мұнан соң он күн ішінде шығындар біртіндеп секундына 1000 – 2000 текше метрді құрайтын болады және 23 сәуірде төгінділер секундына 26000±500 текше метр болады.
Бұл режимде Еділ су электр станциясы 27 сәуірге дейін жұмыс істейді. Волгоград арқылы одан әрі шығындар су торабы федералды агенттіктің жаңа нұсқауымен орнатылады. 3 сәуірде төгу секундына 5710 текше метрді құрады.
Ембі-Аққизтоғай гидропостында су өзен арнасынан көтерілді. Гидрологиялық бекет (қадалар және
репер) толығымен суда, постқа қол жетімділік жоқ. Су деңгейінің төмендеуі байқалады.
5 сәуірдегі су деңгейі анықталмаған.
Айта кетейк, Атырау облысында 12 гидрологиялық бекет бар.
Мира Нұртаева