Атырау облысында 12 гидрологиялық бекет бар

Атырау облысы бойынша «Қазгидромет» РМҚ мамандарының берген ақпаратына сәйкес, қала ішіндегі Жайық өзенінің  су деңгейі 2-3 күнде көтерілуі мүмкін. Әзірге Ресей тарапынан су келе қойған жоқ. Осы ретте облыс бойынша өзендер мен теңіздерде орналасқан гидробекеттер көмегімен су деңгейін мамандар күн сайын бақылап отыр, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Еске салайық, Ресей 1 сәуірден бастап Қазақстанмен көршілес Орынбор облысындағы Иректі су қоймасынан Жайық өзеніне су ағызуды секундына 390 текше метрге дейін ұлғайтты. Демек, жақын арада мол  су Атырауға да жетеді деген сөз. Көршілес жатқан Оралды су басып, өңірде төтенше жағдай режимі жарияланғаны белгілі.

Атырау облысының Қызылқоға және Жылыой аудандарында да төтенше жағдай жарияланды.

Ал облыс орталығына Жайық өзені қауіп төндіріп тұр. Айта кету керек, өзеннің ағынының 80% -ы Ресей аумағында қалыптасады. Су тасқыны кезінде өзен еріген қар суы мен жауған жауын-шашын есебінен толады. Сондай-ақ, Иректі су қоймасының жұмыс режиміне де байланысты болып отыр.

Қазір «Қазгидромет» РМҚ қарауында Атырау облысындағы өзендерде 12 гидробекет бар. Оның  тоғызы – өзендерде, ал үшеуі – теңізде орналасқан.

Жайық өзенінде 5 гидробекет бар. Олар: Индербор, Махамбет, Атырау, Еркінқала және Жаңаталапта тұр.

Құрманғазы ауданында Қиғаш өзенінде 2 гидробекет Шортанбай мен Бөкейхан (Котяевка) ауылында орналасқан. Ал Құрманғазы ауданындағы Шарон өзенінде 1 гидробекет, Жылыой ауданы Ақкиізтоғай ауылындағы Жем өзенінде 1 гидробекет, ал Пешной, Жамбай, Иголкинский банк (Қиғаш өзенінің теңізге құйылатын тұсы) бекеттері Каспий теңізінде жұмыс істеп тұр.

Атырау облысы бойынша «Қазгидромет» РМҚ жетекші инженер-гидрологы Ақмарал Мизамғалиеваның айтуынша, гидробекеттердің көмегімен су деңгейі бақылануда.  Айта кетейік, гидрологиялық бекеттер күн сайын судың деңгейін, температурасын, мұз режимін стандартты бақылауларды орындайды және су шығынын өлшейді.

«Облыста 12 гидробекет бар. Біз судың қанша сантиметрге көтерілгенін күнделікті бақылап отырмыз. 1 наурыздан бастап күн сайын облыстың барлық өзендері бойынша өзекті гидрологиялық жағдай бойынша жергілікті мемлекеттік органдар, әкімдік және ТЖ департаментіне гидробюллетень шығарылады. Қазір Жайық өзеніне Ресей тарапынан су келе қойған жоқ. Бірақ 2-3 күнде келеді деп болжап отырмыз. Ол су ең алдымен Индер ауданына, мұнан соң Атырау қаласына келеді. Бүгінде Жайық өзенінің жоғарғы ағысында (РФ) су деңгейінің көтерілуі жалғасуда. Оралдағы Көшім өзенінде (БҚО) тәулігіне 26-45 см деңгейге көтерілді. «Росгидрометтің» болжамына сәйкес, Жайық бассейнінің өзендерінде көктемгі су тасқынының күтілетін деңгейі нормадан жоғары болады деп болжанып отыр», - деді А. Мизамғалиева.

Атырауда өзендегі судың максималды жоғары деңгейі 540-600 см болып тұр. Бұл нормадан 85-145 см (норма 455 см) жоғары. Жайық-Атырау гидробекетіндегі судың қауіпті деңгейі 550 см құрайды. Осы мөлшерге жеткенде су өзен арнасынан тасып, автомобиль жолдары мен елдімекендерді су басуы мүмкін. БҚО аумағынан 2-3 күн ішінде су деңгейінің жоғарылауы күтілуде.

Кеше, 3 сәуірде Жайық-Атырау гидробекетінде су деңгейі 186 см болса, бүгін 1 см-ге көтерілді. 3 сәуірде Иректі су қоймасынан келген су ағыны 790 текше метрді, ал бүгін, 4 сәуірде 1310 текше метрді құрады. Мәселен, былтыр су тасқыны кезінде ондағы су ағыны 15 текше метрден аспады.

Эльмира Мықтыбаева

Фото: AtyrauPress