Жіті ішек инфекциясымен 50 атыраулық ем алуда

№2 Атырау облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына күніне бұл аурумен ауырған 15-ке жуық науқас тіркеледі. Қазіргі уақытта 50 адам ауруханада ем алуда. Бұл туралы дәрігер-эпидемиолог Руслан Қайыржанов мәлім етті,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Р.Қайыржановтың айтуынша, ішек инфекциясы – ас қорыту жолын зақымдайтын жұқпалы аурулардың тобы, түрі де көп. Аурудың белгісі – адамның температурасы көтеріледі, жүрегі айнып, құсады, іші өтеді. Мұндай жағдайға тап болғанда тұрғындар дереу медициналық көмекке жүгіну керек.

- Көбіне 14 жасқа дейінгі балалар ауырып жатыр. Бізге науқас келгенде ауру деңгейіне қарай шара қолданамыз, жеңіл түрде болса үйден амбулаториялық ем қабылдауға жібереміз. Тұрғындарды жіті ішек инфекцияларының алдын алу шараларын қатаң сақтауға шақырамыз. Ол үшін жеке гигиена ережелерін сақтап, тамақ ішердің алдында және дәретханадан шыққаннан кейін қолды сабынмен мұқият жуу керек. Тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды пайдалану қажет. Жеміс пен көкөністі жақсылап жуып, пайдаланғаны дұрыс. Тамаққа термиялық өңдеуден өткен өнімдерді қолданған жөн. Тез бұзылатын тамақ өнімдерін тек салқын жерде сақтап, жарамдылық мерзімі өткен азық-түлікті пайдаланбаған, тамақты тіпті тоңазытқыштың өзінде ұзақ сақтамаған абзал. Шикі өнімдерді өңдеу үшін жеке ас үй жабдықтарын қолдануып, шикі өнімдерді дайын өнімдерден бөлек сақтауға кеңес беремін. Тек арнайы белгіленген орындарда ғана шомылып, су қоймаларында және бассейндерде шомылған кезде ауызға судың кетпеуін қадағалаңыз. Ал үйді, ауланы таза ұстау – басты қағида,- деді Р.Қайыржанов.