Атырауда үй алуға дәрігерлерден құжат қабылдануда

Жалпы тәжірибелі дәрігерлерге мемлекеттік бағдарлама аясында жеңілдетілген несиемен баспана беріледі. Өтінімдер 16 қыркүйекке дейін қабылданады, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

- Бір мемлекеттік медициналық ұйымнан екіншісіне ауысқан қызметкерлерді қоспағанда, клиникалық практикамен айналысатын және 2022 жылдан бастап жұмысқа орналасқан барлық медицина қызметкері жеңілдетілген несиемен тұрғын үй сатып алуға құқылы. Бұл ретте бағдарламаның барлық қатысушысы мемлекеттік медициналық ұйымдардың негізгі қызметкері болуы шарт. Сондай-ақ, жергілікті бюджет есебінен грантта оқығандар келісім-шарттық міндеттемелері орындалғанға дейін тұрғын үйге өтініш бере алмайды, - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев.

Қ.Абдалиевтің айтуынша, бағдарламаға қатысушылардың қатары көбейсе, келесі мамандарға басымдық беріледі:

- акушерлік және гинекология;

- анестезиология және реанимация;

- жұқпалы аурулар;

- травматология және ортопедия;

- ересектер мен балалар неврологиясы;

- жалпы хирургия;

- жалпы тәжірибелік дәрігерлер.

Анықтама үшін: Өтінім тапсыруға қажетті құжаттар:

1) Өтініш

2)Жеке куәлік көшірмесі;

3) «Отбасы Банкі» АҚ-да жинақ шотының (депозитінің) болуы;

4) Бағдарламаға қатысушының және оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде

ҚР аумағында сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйі немесе меншік құқығындағы тұрғын үйінің болмауы;

5) Қызметтік тұрғын үйінің жоқтығы туралы анықтама;

6) Соңғы 6 (алты) айдағы жинақталған зейнетақы қорындағы үздіксіз салымы туралы үзінді немесе анықтама;

7) Жұмыс берушінің және/немесе Денсаулық сақтау басқармасы басшысының бұйрығы;

8)Еңбек кітапшасының көшірмесі.

Құжаттарды Атырау қаласы, Әйтеке би көшесі, 77 мекен-жайына тапсыруға болады.

Тұрғын үй алу үшін жеңілдетілген несие алған мамандар мемлекеттік нысандағы медициналық ұйымдарда кемінде бес жыл қызметін өтеуі тиіс.

Фото: freepik