Халықаралық пәндік олимпиадада Қазақстан құрама командасы 3 медаль және қатысушы елдер ішінен ІІ орынды жеңіп алды деп хабарлайды AtyrauPress.
Әзірбайжанның астанасы Баку қаласында жасөспірімдер арасында өткен «Таланттарды даярлау зертханасы» олимпиадасында үш медальдің бірін Атыраудың үкілеген үміті - «Білім-Инновация» лицей-интернатының оқушысы Закир Нұрбол қанжығалады. Ол күміс медаль еншілеп, II орын иегері атанды. Өткен жұмада жүлдегерді атыраулықтар әуежайдан құрметпен қарсылап алды.
"Нұрбол - Атырау облыстық «Білім-Инновация» лицей-интернатының 10-сыныбында оқиды. Оның бұған дейін де бағындырған белестері аз емес. Әр жылдары облыстық, республикалық жасөспірімдер олимпиадасында жеңімпаз, жүлдегер атанып келеді. Биылдың өзінде физика пәнінен облыстық, республикалық олимпиададан топ жарып,халықаралық Туймаада олимпиадасы екінші, Қазақстан Білім олимпиадасынан бірінші орындарды жеңіп алды. Нұрболдың болашағы - алда. Осы жолдан таймаса, әлі талай шыңдарды бағындыратынына сенім мол" дейді шәкірті жайлы сыр шерткен «Білім-Инновация» лицей-интернатының физика пәні мұғалімі Мевлют Аяз.
Айта кетейік, бұл олимпиадаға Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Грузия елдерінен қатысқан оқушылар физика, химия және математика пәндері бойынша бақ сынады.