Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ректоры Саламат Идрисов жатақханадағы жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды AtyrauPress.
Ол Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетіндегі №2 жатақхана бойынша түрлі теріс ақпараттар тарап жатқанын айтады. Сол себепті де ректор түйткілдің неден туындап отырғаны жайында әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жазба қалдырды.
«Университеттің шаруашылық бөлімі 2022 жылдың қараша айында №2 жатақханадағы 1-ші этаждың қабырғасында ақаудың пайда болғанын анықтады. Осы жағдай анықталған бойда мемлекеттік сатып алу порталы арқылы техникалық қауіпсіздігіне сараптама жүргізуге баға ұсыным арқылы қызмет көрсету түрі арқылы жарияланды. Желтоқсан айында мемлекеттік сатып алу арқылы жеңімпаз атанған «Қазкәсіптік білім» ЖШС мердігер мекеме аталған ақаулықты ағымдық жөндеу жұмыстарымен жоюға болатыны туралы қорытынды берді. Университет тарапынан сараптамаға сәйкес, 2023 жылдың даму жоспарына аталған жөндеу жұмыстарын жүргізу қызметі енгізілді» дейді Саламат Идрисов.
Оқу орны ақаудың ұлғаюына байланысты студенттердің өміріне қауіпсіздік тудырмау мақсатында университет Атырау облысының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасына хат жолдап, сараптама жасауға көмек сұраған. Аталған мекеме мамандары арнайы қайта сараптама жасау туралы және визуальды қарау арқылы студенттердің қауіпсіздігі үшін оларды басқа жерге орналастыру туралы ұсыныс берген.
«Күні бүгін қайта сараптама жасау үшін мемлекеттік сатып алу бойынша инструментальды сараптама жасау үшін баға ұсыным арқылы қызмет көрсету түрі арқылы қайта жарияланды. Оның нәтижесіне сай әрі қарай атқарылатын жұмыстарды анықтайтын боламыз.
Осыған байланысты 2023 жылдың 31 қантарынан бастап тікелей өзімнің қатысуыммен жатақхана студенттерімен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп және жергілікті әкімдік, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігімен келісе отырып, студенттердің қауіпсіздігі үшін басқа жерлерге орналастыру туралы шешім қабылдадық. Бүгінгі күнге №2 жатақхананың 560 студенті Атырау қаласындағы басқа жатақханаларға орналастырылды. Кейбір студенттер өз келісімдері бойынша туыстары үйлеріне, басқа пәтерлерге орналасты. Студенттерге қажетті қосымша құрал-жабдықтар, төсек орындар жеткізіліп берілді» делінген жазбада.
Салауат Идрисовтың айтуынша, бүгінде жатақхананың жары құлап, не басқа да (кейбір әлеуметтік желідегідей) адам өміріне қауіп тудыратындай жағдайлар орын алып жатқан жоқ.