Жерді игеру – бизнестің жаңа мүмкіндіктері

Мемлекет басшысы бүгінгі Жолдауында жер қойнауын игеруге инвестор тартуа қатысты да бірқатар ұсыныстар айтты.

Табиғи ресурстарды экспорттау арқылы елдің жағдайын жақсартуға болатыны бесенеден белгілі. Бірақ, мұнда да шешімін күткен күрделі мәселелер тұрғанын Президент жасырмады. Мен бұл сөздермен толықтай келісемін.

Бұл мәселе мұнайшылар мен кәсіпкерлер арасында жиі айтылып жүр. Жер қойнауында жатқан байлықтың бітер шағы болады. Сондықтан жаңа жерлерді игеріп, жаңа кен орындарын ашу керек. Бастысы, ашылғаны жөнінде ашық ақпарат болуы керек. Сонда аукционға инвесторлар қайда қандай кен жатқанын біліп барады. Әйтпесе, геологиялық маңызды мәліметтерді білмей тұрып кен орнын игеру мүмкін емес қой!.. Егер жердің асты бос болып шықса, шыққан шығынды кім қайтарады?

Былтыр бір учаскені игеру бойынша байқуға қатысқан едік. Үкіметтен «қажетті ақпаратты квазимемлекеттік компаниядан аласыздар» деген жауап алдық. Алайда, ол мекеме де бізді қызықтырған аумақ жөнінде мардымды мәлімет бере алмады. Ол бізге геологиялық емес, географиялық деректерді ұсынды. Ал, бұл бізге не үшін қажет?..

Міне, сондықтан да, Қасым-Жомарт Кемелұлы инвесторларды игерілетін жерге қатысты толық ақпаратпен қамтамасыз етуді тапсырды. Технологиясы таңдай қақтырған ХХІ ғасырда кез келген инвестор онлайн түрде ақпарат алатындай болуы керек қой. Осы орайда, барлық кен орындары мен учаскелерді қамтитын онлайн-карта жасақталса, жақсы болар еді.

Жеңіс ӘБІЛҚАРЕС, «Светланд Ойл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры