Тележүргізуші қызметін тастап, мал өсірумен айналысып жүр

Шарипа Жұмабайқызы Батыс Қазақстан, Атырау облыстық телеарналарында жаңалықтар бөлімінде, тақырыптық бағдарламалар жүргізген. Қазір жолдасы екеуі мал өсрумен айналысып жүр, деп хабарлайды AtyrauPress Nur.kz сайтына сілтеме жасап. 

Батыс Қазақстан облысында танымал журналист Шарипа Жұмабайқызы жұбайының ұсынысын қолдап, қырда мал бағып жүр. Тасқала ауданында тұратын ерлі-зайыпты үш жылдан бері ауыл өмірі мен мал бағудың қыр-сырын меңгеріп алған. Өркен мен Шарипа ауырған малды да өздері емдейді. 

Мектепті, кейін Астанадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетті қызыл дипломмен бітірген келіншекке ауылда тұру алғашында қиынға соққан. Шарипа Жұмабайқызы бүгінде шаруашылық басынан қызықты контент түсіріп, көптің ықыласына бөленіп үлгерді.

Шарипа Жұмабайқызы бүгінде шаруашылық басынан қызықты контент түсіріп, көптің ықыласына бөленіп үлгерді.

"Алғашында жолдасымның "ауылда мал бағайық" деген ұсынысын жатырқай қабылдағаным рас. Себебі екеуміз де қызметте жүрдік. Әжептәуір айлық табысымыз бар. Ол жеке компанияда директор, мен облыстық телеарнада диктор болдым. Бірақ шыны керек, тапқан табысымыз күнделікті қажеттілікке ғана жетті. Тапқанымыздан, шашқанымыз көп болды. Ақша жинап, көлік алу мүмкін емес еді. Жолдасымның "қырда тұрайық" деген ұсынысын қолдадым", - дейді қырдағы келіншек.

Айта кетейік, Шарипа Батыс Қазақстан, Атырау облыстық телеарналарында жаңалықтар бөлімінде, тақырыптық бағдарламалар жүргізіп, елге танымал саясаткер, өнер саласындағы азаматтармен сұқбаттасқан.

Шарипа барлық тірлікті жұбайынан үйренгенін жасырмайды. Өркен Базарбаев та ерекше дарынымен көзге түскен облыстағы қабілетті жас мамандардың бірі. Батыс Қазақстан облысындағы дарынды балаларға арналған мектепті алтын белгімен бітіріп, ХХІ ғасыр көшбасшысына қатысқан. Астанадағы Еуразиялық ұлттық университеттінің экономика факультетін бітіріп, жеке компанияның бірінде директорлық қызмет атқарған. 

Екі баланың анасы әлеуметтік желіге қырдағы өмірдің қызықтарын салып отыр. Қой қырыққанын, күнге күюден қалай қорғанып жүргеніне дейін бөліскен. 

"Соңғы уақытта малды ауылдағы тірлікті көрсетіп, әлеуметтік желіге видео саламын. Көпшілік қолдау білдіріп жатыр. Жақсы пікір-тілектерін жазады. Ол да маған ермек. Шай ішіп, әңгімелесіп қайтатын көршілерім жоқ. Оқырман тілегі, қолдауымен басқаларға жігер берейін деп видеолар саламын. Әрине далада отыру, мал бағу менің арманым болған жоқ. Бала кезден журналист болуды, елдің алғысын алып, ақпарат таратуды армандадым. Уақыт өте келе адамның ойы да өзгереді екен. Қазір адал еңбек етіп, бала-шағаны еңбекке үйретіп, өзгелерге үлгі болсақ деген тілек бар", - дейді Шарипа Жұмабайқызы.