Өткенді қайта тірілтіп, жан беретін мамандық бар. Оны реставратор деп атайды. Осы орайда, Атырауда Сарайшықтағы қазба жұмыстары кезінде шыққан түрлі қыш құмыраларды қалпына келтірумен айналысып, өшкенді қайта жаңғыртып жүрген суретші, реставратор Отарбай Қанатұлын әңгімеге тарттық. Ол құнды жәдігерлерді қалпына келтірудің қыр-сыры туралы айтып берді.
Отарбай Қанатұлының реставрациямен айналысқанына биыл үш жыл болды. Зейнетке шыққан соң «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мəдени музей-қорығының директоры Әбілсейт Қапизұлы жұмысқа шақырады. Бұл ұсынысты қуана қабыл алған Отарбай аға бірден іске кіріседі. Мәселен, осы уақытқа дейін ол қазба жұмыстары кезінде табылған 37 құмыраны қалпына келтіріп үлгерді.
«Музейде бұрын-соңды реставратор болмаған. Ұсыныс жасалған соң бірден келісе кеттім. Қазір қазба жұмыстары қарқынды жүріп жатыр ғой. Ол жерден табылған қыш құмыралар қалпына келтірілмей тұрған. Соларды реставрация жасап болдым. Тағы үш құмыра табылды. Соның екеуін қалпына келтіріп қойдым. Сарайшық – қолөнердің ордасы болған. Онда керамика жақсы дамыған. Біз де керамиканы дамыту мақсатында былтыр құмыра жасайтын станок сатып алдық. Сарайшық ауылының балалары келіп, құмыра жасауды үйреніп жүр. Біздің мақсатымыз – жастарға осы өнерді үйретіп, насихаттау. Қазір елімізде керамикаға деген қызығушылық басым. Әсіресе, музейге келетін шетелдіктер «құмыра жасауды үйренуге бола ма?» деп сұрайды. «Келіңіздер» дейміз. Қызығып тұрған адамға үйреткенге не жетсін», - дейді Отарбай Кендір.
Реставратордың айтуынша, қалпына келтірудің түрлі әдістері бар. Оған қоса қолдың да икемі болғаны жөн. Осы ретте Отарбай Қанатұлы қалпына келтірудің әдіс-тәсілдерімен бөлісті.
«Құмыраларды қалпына келтірудің қиындығы жоқ. Олардың ішіне қағаз немесе матаны желімдеп, қалып жасап аламын да сыртынан гипс жағып шығамын. Немесе домалақ құмыраларды жасайтын кезде шарды үрлеп, сыртына жайлап гипсті жағамын. Кепкен соң артық жерлерін қырып алып тастаймын. Реставрация жасау үшін табылған қыш құмыраның жоқ дегенде 70-80 проценті түпнұсқа болуы шарт. Мысалы түбі, бүйірі, ернеуі, мойны, құлағы, тұтқасы болуы керек. Ал енді табаны болмаса, ол қалпына келтірілмейді. Реставрацияның заңдылығы осындай. Әйтпесе, түпнұсқадан ауытқисыз. Өз қиялыңызға ерік беріп қоясыз. Негізінде, түпнұсқаны өзгертуге болмайды. Бір құмыраны қалпына келтіру жұмыстары оның күрделілігіне байланысты. Мәселен, формасын шығарасыз, кептіресіз, артығын қырып алып тастайсыз. Кейбіріне 1-2 күн уақыт кетеді. Қазір Сарайшықта майшам, өзен-көлден су тартып, егін суаруға арналған құрылғы – шығыр, канализацияның бөлшектері, бесікке салатын түбек табылды. Бұлардың барлығы да қыштан жасалынған. Сарайшық заманына тән құмыралардың көпшілігі тік мойынды, кең иықты, әрі ұзын түптері жалпақ болған», - деп атап өтті реставратор.
Сан ғасырлар бойы сары тап болған дүниені қайта жаңғыртып, қалпына келтірумен айналысып жүрген Отарбай ағаның айтуынша, балшықты Түркістаннан алдырып отыр.
«Бұрындары Сарайшық шеберлері балшықты шеттен әкелмеген ғой. Оны қайдан алғаны әзірге белгісіз боп тұр. Соның көзін табу керек. Түркістанда керамикамен айналысып жүрген Абылайхан деген шебер бар. Біздің музейге келіп, таныс-біліс болдық. Сол кісі балшықты жеткізіп береді. Олардың балшығы дап-дайын материал. Біз Сарайшықтан шыққан құмыралардың шағын көшірмесін жасап, музейге келген туристерге сувенир ретінде ұсынғымыз келеді. Қазіргі уақытта ұсақ құмыралар жасап жатырмын», - деді Отарбай аға.
Қазір Отарбай Қанатұлы жергілікті оқушыларға құмыра жасауды үйретуде. Солардың арасында төрт қыздың қолының ептілігі бар. Оған қоса үйренуге деген құлшыныстары да басым. Шебер болып кетпесе де, техникасын меңгеруде. Реставратордың айтуынша, құмыра жасау сырт көзге оңай болып көрінгенімен, өнердің қиын түріне жатады. Бұл жерде көңіл-күй керек екен. Егер шебер сырқаттанып немесе көңілсіз болса, құмыра шықпайды. Балшық адамның энергетикасын сезеді. Сондықтан жақсы ниетпен, көтеріңкі көңілмен басталған жұмыс сәтті шығатын көрінеді.
Отарбай Кендір Жезқазған педагогикалық институтының «Көркем-сурет графика» факультетін тәмамдаған. Сонда оқытушылар студенттерге бір семестр бойы саз балшықпен жұмыс жасауды үйретіпті. Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң, яғни 40 жылдан кейін саз балшықты қолына қайта ұстап, студент кезіндегі машықты қайта есіне түсірді. Бағзы шеберлер станокты аяқпен теуіп отырып, үлкен-үлкен құмыраларды жасайтын болған. Бұл өте қиын шаруа дейді реставратор. Қазір оңайырақ болғанымен де, кез келген адамның ыңғайына келмейді екен.
Отарбай Қанатұлы Кендірді атыраулықтар суретші ретінде жақсы таниды. Ол ҚР Мәдениет қайраткері, Ұлттық Дизайн академиясының академигі, ҚР Көркем академиясының корреспондент мүшесі, ҚР Суретшілер одағының және Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі. Сурет салуға деген қызығушылығы бала кезден басталады. Оның байқаған мұғалімдері оған қолдау көрсетіп, жол сілтейді. Институтта оқып жүргенде Жанділда Тәжекұлы деген ұстазы «сенен жақсы кесікіндемеші шығады, түс алысың жақсы, ерінбе» деп дем берген екен.
О.Кендір алғаш рет 1989 жылы Атырауда өткен жергілікті суретшілердің көрмесіне қатысады. Ол кезде Ы.Алтынсарин атындағы мектепте мұғалім болып жұмыс істейді.
«Қамбарбек Хасенұлы Аманов, Жоламан Аралбаев, Әділқайыр Жантасов секілді қалыптасқан, есімдері белгілі суретшілер қатысқан көрмеде аздап қысылдым. Жұмысымды көрменің етек жағына қойдым. Сол кезде марқұм Жоламан Аралбаев мен салған суретті көріп, танысып, жақсы баға берген еді. Осы күнге дейін жұмыстарымды АҚШ, Қытай, Ресей, Венгрия, Италия, Англиядан келгендер сатып алды. Естелік үшін фотоға да түсіріп алмаппын. Портретпен біраз айналысып, содан кейін пейзажға қарай ауыстым. Маған табиғат пен ұлттық натюрморт салған ұнайды. Қазір «Көкбөрі» деген жұмысымды аяқтадым. Енді «Кербез сұлу» немесе «Ерке сылқым» деген жұмысты бастасам деп жүрмін», - деп жоспарымен бөлісті.
Отарбай Қанатұлы осы уақытқа дейін 8 жеке көрмесін өткізді. Сондай-ақ, облыстық, республикалық, халықаралық көрмелерге қатысқан. Бас жүлдені де жеңіп алды, лауреат та, дипломант та атанды. Зейнетке шықса да, қарап отырған жоқ. «Сарайшықтан» шыққан жәдігерлерге қайта «жан» бітірумен қатар, керамика өнерін насихаттауда.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА