Мұзға ойылып кетті...

Атырауда мұз ойылып Жайық өзеніне батып кеткен ер адам әлі табылған жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының ақпаратына қарағанда, бүгін, 6 қаңтарда сағат 08:30-да мұз астына түсіп кеткен адамды іздеу жұмысы жалғасқан.

Іздеу жұмыстарына төтенше жағдайлар департаментінің 9 құтқарушысы, 2 техника мен бір қайық тартылған.

Бұл оқиға 5 қаңтарда Атырау қаласының маңындағы Жұмыскер елдімекенінде болған. Жайық өзенінің мұзы ойылып, екі ер адам суға түсіп кеткен.

Оның бірі – 49 жастағы ер адамды полиция қызметкерлері мен төтеншеліктер құтқарып қалған. Ал, 1975 жылғы ер адам әлі табылған жоқ.

«Атырау облысындағы су айдындарында былтырғы қысқы кезеңде 3 қайғылы оқиға тіркелді. Былтырғы желтоқсанда Жайық өзенінде қатқан мұздың қалыңдығы 20-26 см болған еді. Ал, қаңтар басталғалы бері мұз 16-18 см-ге дейін жұқарды. Өзеннен балық аулауға шығатын тұрғындар мұздың жұқарғанын ескермейді. Осындай себеппен биылғы 5 қаңтарда Жайық өзеніне барған екі адам мұз астына түсіп кетті. Оның бірі құтқарылды. Ал, екінші адамды құтқару мүмкін болмады», -деп мәлім етті департамент бастығының орынбасары, азамттық қорғау полковнигі Асқат Ержанов.

Оның айтуына қарағанда, мұз үстіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 4120 рет рейд өткізілген. Тұрғындарға 8951 жадынама таратылған.

Жайық өзеніне батып кеткен ер адамды іздестіру жұмыстары ертең, 7 қаңтарда қайта жалғасады.

Бұдан бұрын Атырауда мұз ойылып, Жайыққа түсіп кеткен екі адамның біреуі құтқарылғанын жазған едік.

Фото: Атырау облыстық ТЖД