Қазіргі уақытта су басу қаупі бар Миялы ауылы бөгеттерді көтеру, жаға нығайту, құм толы қапшықтармен бекіту жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жұмыстарға 275 мекеме қызметкері, 48 полиция қызметкері, 110 төтенше жағдайлар департаменті мен бөлімінің қызметкері, 3000-нан астам ерікті және аудан бойынша 65 арнайы техника жұмылдырылды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Аудан бойынша 48 мың қапшық құм толтырылды. Одан бөлек ұзындығы 26 шақырым 350 метр, биіктігі 2 метр бөгет көтерілді. 1 сәуір, 04:30-дағы жағдаймен Ойыл өзенінің деңгейі - 1 метр 20 см. (Қауіпті деңгей - 2 метр).
«Ауданда төтенше жағдай жарияланып, 3 эвакуациялық пунктке 600-ден астам тұрғын көшірілді.Ойыл өзені бойында орналасқан ауылдардан 2000-нан астам қой-ешкі, 400-ден астам мүйізді ірі қара, 138 жылқы, 20 түйе қауіпсіз аймаққа шығарылды. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасынан қосымша 17 бірлік техника бөлінді. Жұмыстар тәулік бойы жүріп жатыр», - делінген баспасөз хабарламасында.
Сонымен қатар, ана мен бала, егде жастағы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Миялы ауылынан Атырау қаласына барамын деген тұрғындар үшін тегін автобустар 31 наурыздан бастап жүруде.
"БатысТехИнвест" ЖШС арқылы 3 мезгілде 247 тұрғын облыс орталығына тасымалданды. Одан өзге, 50-ден астам тұрғын өз көліктерімен қатынас жасап үлгерген.
Айта кетейік, «Сағыз-Миялы» бағытындағы тасжолды үстінен тасқын су жүріп кетуіне байланысты автобус тасымалы уақытша тоқтатылды. Қосымша ахуал хабарланатын болады.