Таңдайлық кәсіпкер Қуаныш Медеуовтың қарбыздары жергілікті сауда орындарына жол тартты. Бұл туралы Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды. Ауданда алғашқылардың бірі болып өнім жинап жатқан кәсіпкер биыл 6 гектар аумаққа қарбыз еккен. «Медеуов К» шаура қожалығының қарбыздары келісі 160 теңгеден сатылуда. Бастысы жергілікті өнімнің құрамында нитрат жоқ, таза өнім. Махамбет аудандық ауылшаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Олжас Мырзабаевтың айтуынша, ауданда жалпы 100 шаруақожалығы көкөніс өсірумен айналысуда. -Жер жыртып, егін егемін деген шаруаларға мемлекет тарапынан да қолдаулар көрсетіліп келеді. Шаруа тыңайтқыш және тамшылатып суару құрылғыларын сатып алған жағдайда 50 пайызы субсидияланады. Трактор сатып алған шаруаның қаржысының 25 пайызын субсидия негізінде мемлекет өтеп береді. Биыл аудан бойынша 10 шаруа қожалығы субсидия алып үлгерді. Тағы да өтініш беріп алғалы отырған шаруалар бар. Субсидия алу қараша айына дейін жалғасады, деді О.Мырзабаев.