Мұнайшы мерейі: Атыраулық маманды Париж де мойындады

Қазір шетелде жұмыс істеу немесе оқу – жаңалық емес. Бірақ шекара асып, сонда тұрақтағандар жайлы естісек елең ете қалатынымыз рас. Өйткені ел мен жер көруден,  мүмкіндікті ұтымды пайдаланудан бас тарта қоймаспыз. Оқып-тоқығанға, үйреніп-білгенге және тәжірибе жинағанға не жетсін! AtyrauPress тілшісі еңбек жолын қазіргі «Теңізшевройл» компаниясында қарапайым лаборант болып бастап, 12 жылдан бері Францияда тұратын Лиза Баспаевамен арнайы сұхбаттасты. Бүгінде ол SAIPEM компаниясында жұмыс істейді.

Лиза Баспаева әлемдегі ең романтикалық қалада өмір сүрем деп әсте ойлаған жоқ. Құлсарыда туып-өскен ол Париждегі Эйфель мұнарасы, Лувр музейі, Версаль қаласы мен Елисей алқабы туралы тек кітаптан оқып, теледидардан ғана көрген. Білімі мен аянбай еткен еңбегінің арқасында діттеген мақсатына жетіп отыр.  

Ол 1968 жылы Құлсары ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Ата-анасы 7 ұл-қызды өсіріп жеткізді. Бала кезінен ауылдың қарапайым қызы адвокат болуды армандады. Бірақ әкесі мен анасы мұнай саласында жұмыс істеуіне кеңес берген. 

«Мен математика, физика, сызу сабақтарын өте жақсы оқыдым. Ата-анам осы бағытта өзімді дамытуыма кеңес берді. Оған қоса Құлсарыдан 2 сағат қашықта орналасқан Теңіз кеніші маңында зауыт салынып жатты. «Көп ұзамай сол зауыт іске қосылғанда инженерлер керек болады. Ең дұрысы – сол мамандықты оқып ал» деп бағыт берді. Мен келісе кеттім. Кеңес дәуірінде Атырауға Ресейдің жоғары оқу орындарынан өкілдер келіп, студенттерді оқуға шақыратын. Тіпті емтиханды да Атырауда ұйымдастырып беруші еді. Содан мектепті тәмамдаған соң анам екеуіміз облыс орталығына келдік. Сөйтіп емтихан тапсырып,  1986 жылы Татарстанның астанасы Қазан қаласындағы химия және технология институтының «Мұнай өңдеу және мұнай-химия өндірістерінің инженер-механигі» мамандығы бойынша оқуға түстім. Оны 1990 жылы бітіріп, Құлсарыға оралдым. Ол кезде Теңізге әлі американдықтар келе қоймаған. Жалпы ТШО деген компания болмады. Кеңес дәуірінде Теңіз кен орны болды. Оны жан-жақтан келген мамандар басқарды. Мен елге келген кезде зауыттың құрылысы аяқталуға шақ еді. Онда үшінші разрядтағы лаборант болып орналастым. Ал инженер-механик мамандығы бойынша орын болмады. Осылайша менің алғашқы еңбек жолым басталды», - дейді Л.Баспаева. 

Алғаш оқу бітіріп келген кезде жас маманға жол сілтеп, білмегенін үйретінін жандардың болғаны қандай жақсы! Лиза Баспаева әңгіме барысында сол кісілерді ерекше жылылықпен еске алды. Олардың жанашырлығын әлі күнге дейін ұмытпай, аралас-құраластықтары бір сәтке де үзілген емес. Алғаш зертханаға орналасқанда Нұргүл Шуақбаева мен Саида Мұратова қанатының астына алған. Ал Шолпан Нұрмағамбетова қазір шетелде тұрады екен. Зәуре Айтболатова әлі күнге дейін ТШО-да жұмысын жалғастыруда. Осы кісілер жас Лиза еңбек жолын бастағанда ақыл-кеңесімен, жанашырлығымен демей білген. Бүгінде сырлас құрбыға айналыпты.

Каспий теңізінің жағалауындағы теңіз мұнай кен орны 1979 жылы ашылды. Ал «Теңізшевройл» компаниясы 1993 жылы 6 сәуірде құрылды. Осы кезде компания қарыштап дами бастады.

«1993 жылы американдықтар Қазақстанға ТШО-ның акционері болып, 51 процентін иемденді.  Мұнай зауытынан ірі «Теңізшевройл» компаниясына айналды. Сол кезде американдықтар бізбен қайта келісім-шарт жасап, ресми түрде ТШО-ның қызметкерлері болып іске кірістік. Ешкім қысқартуға ұшырамады. Мұнан соң компания басшылары бәрімізді тесттен өткізіп, жоғары білімі бар мамандарды инженер етіп тағайындады. Олардың арасында қазақ қыздары көп болды. Ал кеңес үкіметі ыдыраған соң Ресейден келгендер шетел азаматы деп есептеліп, олар қысқартуға ұшырады. Тек Қазақстан паспорты бар жұмыскерлер ғана жақсы қызметтен көрінді. Соның ішінде мен де 6-шы разрядтағы лаборант деңгейіне көтерілдім де, зертханадағы жұмысымды жалғастыра бердім», - дейді кейіпкеріміз.  

Жылдар өте келе Лиза Баспаева қызметте өсе бастады. Қарапайым лаборант болып бастаған ол еңбекқорлығының арқасында бөлім басшысы  болып тағайындалды.

«ТШО-да мен 18 жыл жұмыс істедім: 6 жыл зертханада лаборант, кейін инженерлер бөлімінде техникалық ассистент болдым. Онда инженерлерге көмектестім. Механикалық бөлімде кішігірім жобалар жасайтынмын. Сол кезде американдық басшылардың басқаруында болдым. Сөйтіп ағылшын тілін білу қажеттілігі туындады. Содан тіл үйрену және компьютер курсына жазылып, үйрене бастадым. Екі жылдан соң  ТШО-ның вахталық қалашығында сызу бөліміне техникалық ассистент болып орналастым. Онда компьютерлік AutoCAD және Microstation бағдарламаларын үйрендім. Ал 2 жылдан соң құрылыс бойынша инженер-сызушы болып тағайындалдым. Айта кетейін, жұмыс істеп жүріп сырттай инженер-құрылысшы мамандығын оқып алған едім.  Осылайша мен өзімнің мамандығым бойынша жұмыс істеп, қызметте көтерілдім. Тағы екі жылдан соң «Бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету»  бөліміне орналастым. Одан кейін супервайзер болдым. Уақытша менеджердің де қызметін атқардым. Мұнан соң «Бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету»  бөлімін басқаратын етіп өзге жобаға ауыстырды», - деп еске алды Л.Баспаева.

Лиза Қарағұлқызы басқа да кәсіби біліктілігін арттырып, шыңдалумен қатар, ағылшын тілін де меңгеріп алды. Соның арқасында қазір қай елге бармасын шетелдіктермен еркін сөйлесе алады. Әңгіме барысында ол сонау зауытта еңбек еткен жылдарын ерекше тебіреніспен айтып берді. 

«Зауытта жұмыс таңғы сағат алтыда басталатын. Өндіріс орны Теңізден алыс орналасқандықтан, онда автобуспен жету үшін 30-40 минут уақыт кетеді. Жұмыс уақыты – 12 сағат. Сенбі, жексенбі күндері демалыс жоқ. Мен «Теңізшевройлда» 18 жыл жұмыс істедім. Сол уақыт аралығында зертханада талдау жасау, компьютерде сызу, супервайзер болғанда адамдармен дұрыс жұмыс істеу, басқару, өзгелерге үйрету, жобаларды басқарғанда мердігерлермен кездесу секілді жауапты да маңызды сәттерді бастан өткердім. Мәселен, компьютерде сызу сызбақ түгілі, оның өзін көрген емеспіз. Зертханада талдау жасау бір бөлек, күнделікті қолданыстағы приборларды да жөндеуді үйреніп алдым. Сонымен қатар, зауыт басына мұнай қалай келеді, ол неше түрге бөлінеді, қалай тазартылады деген сауалдардың жауабын білемін. Мектепте оқымаған ағылшын тілін сол жерде толық меңгеріп, төртінші деңгейге жеттім. Ағылшын тілін үйрену үшін 5 ай қатарынан үйге бармай, ТШО-да қалып жүрдім. Мәселен, 28 күн жұмыс істесем, қалған 28 күн демалысымда сонда қалып тіл үйрендім. «Теңізшевройлдан» алған білімім мен тәжірибемнің арқасында кез келген шетелдік компанияда жұмыс істей аламын. Soft skills, тайм-менеджмент дағдыларын қалыптастырудың нәтижесінде басшылық қызметке дейін өстім», - деп еске алды кейіпкеріміз.

Лиза Қарағұлқызы  2008 жылы жылы Құлсарыдан Атырау қаласына көшіп, облыс орталығындағы офиске жоба менеджері болып орналасты. «Теңізшевройл» компаниясынан кеткен кезде біраз уақыт шетелдік компанияларда жұмыс істеді. Сөйтіп 2012 жылы оған тағдырдың бұйыруымен Францияның астанасы – Парижде жұмыс істеуге ұсыныс түсті. «Қаламқас» жобасын жүзеге асыру үшін бірнеше топтан құралған мамандар бірікті. Exxon Mobil, Total, Eni компанияларының мамандары осы жобаны іске асыруға жұмылды. Жұмыс орны Францияның Ла Дефанс деген жерінде орналасты. Лиза Баспаеваға бұған дейін де ел ішіндегі шетелдік компаниялардан ұсыныс бір емес бірнеше рет түскен екен. Бірақ ол «ТШО мен үшін ең мықты компания. Мен осында жұмыс істеуімді жалғастыра беремін. Ешқайда бармаймын. Кетсем тек шетелге барамын» деп жауап беріпті. Бұл жолы әріптесі әрі досы Карл Сандерсонның ұсынысымен Францияда жұмыс істеуге бел буды.

«Карл Сандерсон жалақың 10 есе артады. Франция – Еуропаның ең мықты елі. Париждің қақ ортасында тұратын боласың деп қызықтырды. Бірақ мен бірден келісім бермедім. Ұзақ ойландым. Негізі шетел атаулыдан тек Америкаға ғана жолым түсіпті. Одан Ресейде оқығаным бар. Қазақстанның өзін дұрыс білмеймін. Көп ойлана келе, ұсынысты қабыл алдым. Бірақ алғаш рет Парижге барғанда қуанышым су сепкендей басылды. Мен бұған дейін көз алдыма Эйфель мұнарасын елестеттім, одан сән өнерінің ордасы ғой, кітап пен кинодағыдай бәрі керемет шығар деген ойдың жетегінде болдым. Содан әуежайдан қаланың орталығына жеткенге дейін жол бойында отырған сығандардың көптігіне таңқалдым. «Мен шын мәнінде Парижге келдім бе?» деген сұрақ туындады. Қаланың Ла Дефанс деген аумағына келген кезде  өзіме үйреншікті зәулім үйлерді көрдім. Аса таңқала қойған жоқпын. Сөйтсем, өзіміздің Астанамыз – Париждегі Ла Дефанстың прототипі екен. Ағылшын тілін жақсы меңгерген Натали Холанд деген әріптесім жұмыс барысымен таныстырды. Кейін келе екеуіміз әңгімесі жарасқан құрбыға айналдық», - дейді Л.Қарағұлқызы.

Лиза Баспаева өте тату, бір-біріне сый-құрметі жоғары ортаға келді. Ұжымда француздар, ағылшындар, американдықтар, арабтар, кәрістер мен итальяндар болды. Түрлі менталитет тоғысқан ортада қазақ халқының дәстүрімен таныстырды. Өзге ұлттардың да менталитетін зерттеді. Сондай-ақ, Парижді жиі аралап, тарихи орындарға барды. Романтикалық қаланың сәулет өнерінің өзі бір төбе. Демалыс күндері Лувр музейіне барғанда өзін тым бақытты сезініп, таңқалысында шек болмады. Өзі Париждің қақ төрінде орналасқан Эйфель мұнарасының қасындағы көпқабатты үйлердің бірінде тұрады. Осы ретте кейіпкеріміз жалдамалы пәтер табудың, оны жалға алудың қиындықтары жайлы әңгімелеп берді.

«Пәтер іздеген кезде француз тілін білмейтінім қиынға соқты. Әріптестерім аудармашы болып қасымда жүрді. Мұнда агенттік арқылы пәтерді жалға алу өте қымбатқа түседі. Ал жай адамдарды тауып, жалға алсаң әрине, арзанырақ. Бірақ оның да машақаты көп. Мәселен, оларға 3 ай жұмыс істеді деген анықтама апарып беруің керек. Бұдан бөлек басқа да санынан шатасатын құжаттарды жиып-теріп бересің. Өйткені оларды шетелдіктер сан соқтырған соң әбден мезі болған. Францияда шетелдіктер пәтерді жалға алып, жылдың суық мезгілінде (қазан айынан наурызға дейін) ақша төлемей қойса, заң солардың жағында. Пәтер иесінің оларды күннің суығында далаға қууға құқы жоқ. Күн жылығанша сол үйде тұрады. Осы заңды өзінің жымысқы мүддесіне пайдаланатын алаяқтар да көп. Егер жалға берушіге талап еткен құжаттар болмаса, бірден 3 ай төленетін ақша мен қосымша депозит салынуы тиіс. Әйтеуір, әке-көке деп жүріп, бір адамның тілін таптым. Сөйтіп қонақүйден пәтерге көшіп алдым. Алғаш келген кезде нан бағасына қатты таңқалдым. Атырауда сол кезде  бір бөлке нан 50 теңге тұрса, Парижде 500 теңгеге сатып алдым. Осылайша, біртіндеп бөтен елге, ондағы өмір салтына, ауа райына үйрене бастадым. Мұндағы климат жанға жайлы. Аса ыстық та, суық та емес. Өзіме ұнайды», - дейді ол.

Париж – сән өнерінің ордасы болғандықтан онда киім жағынан таңдау өте көп. Кейіпкеріміздің айтуынша, киімдерінің сапасы мен дизайны өте керемет, әрі бағасы да арзан емес. Тамағы да қымбат. Кішігірім мейрамханалар өте көп екен. Онда әдемі дәмді ас ішумен қатар, оның ішінде эстетикалық ләззат алуға болады. Даяшылардың қызмет көрсетуі де керемет. Өйткені француздар ресторан бизнесіне ерекше көңіл бөледі. Олар үшін әрбір клиент маңызды және астың дәмі тіл үйіруі керек. 

Кейіпкеріміз 2021 жылы  Франциядағы TechnipFMC  компаниясындағы жобасы аяқталған соң 1 жыл вахталық әдіспен Қытайда жұмыс істеді. Мәселен, 2 ай жұмыс болса, 2 апта демалысында Парижге қайтып келіп жүрді. Ұшақтың шығынына дейін жұмыс беруші компания көтерді. Сол кезде Лиза  Баспаева Қытайда жұмыс істеп, Франция тарапынан жұмыссыз ретінде жәрдемақы алып отырды. Оның мөлшері сол елде алған 9 мың евро мөлшеріндегі айлығының 70 пайызын құрайды. Әрине, бұл өте қомақты көмек. Сол жәрдемақы шотында жиналып тұр. Енді ол оны білім алуға жұмсай алады.

«Мен Францияда 2012 жылдан бастап жұмыс істедім ғой. Қазір 5 мың евро жиналып қалды. Енді қайта білім алуыма мүмкіндік бар. Көп мөлшерде салық төлегендіктен, оның нәтижесін де көріп отырмыз. Қазір жасым 55-те. Зейнет жасына жақындап келемін. Осы жақтан зейнетке шығамын. Екі елден де зейнетақы ала аламын. Өйткені Қазақстанда да 1986 жылдан бастап бастап ТШО-да жұмыс істегенім бар. Ең кереметі – мұнда өмірбойғы медициналық сақтандырумен қамтылып отырмын. Айта кетерлік жайт - мұнда жұмыскерлерге компания тарапынан жол жүру билетінің 50 пайызы төленсе, ал кейбірі толық өз міндетіне алады. Қазір жол жүруге бір айда 84 евро қаражат кетеді. Ол барлық қоғамдық көлікке жарамды», - деп ойымен бөлісті.

Шетелде жүргенде туған жерді сағыну қалыпты жағдай. Мұндайда Лиза Қарағұлқызы Париждегі қазақтармен кездесіп, ана тілінде сөйлесіп, мауқын басады. Онда қазақтар құрған бірнеше қауымдастық бар екен. Солар ұйымдастырған кез келген іс-шаралардан қалмауға тырысады. Елден жырақта жүрсе де жалғыз емес, шетелдік достарының да қатарын арттырды.

Лиза Баспаева зейнетке шыққанша Францияда жұмыс істеуді жоспарлауда. Елге оралғанда шетелде жүріп жинақтаған тәжірибесін туған жерінде жүзеге асыруды мақсат етіп отыр. Мәселен, Франция ірімшік жасаудан озық тұр. Сондай-ақ бидай, арпа мен жүгері, жүзім шаруашылығы жақсы дамыған. Олар өсіре де, оны ұтымды сата да біледі. Осы жағынан білім алып, Атыраудың егін шаруашылығының дамуына үлесін қосқысы келеді.

«Зейнетке шыққан адамның өмірі тоқтап қалмайды. Керісінше, уақыт көп, ерекше мүмкіндіктерге жол ашылады деп ойлаймын. Түбінде туған еліме оралам. Жылына бір рет келіп, ағайын-туысты  көріп күш-қуат жинап кетемін. Ұлым да ТШО-да жұмыс істейді. Оны үйлендірсем, немере сүйсем деймін», - дейді Лиза Қарағұлқызы.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА