20 Қараша, 2022 126

Халықаралық байқаушылар Атыраудағы сайлау учаскесіне барды

 Халықаралық байқаушылар Атыраудағы сайлау учаскесіне барды

Халықаралық екі байқаушы Атырау облысының Жылыой ауданындағы сайлау учаскесіне барды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бұл туралы "Қазақпарат" мәлім етті. Жылыой – Атырау облысындағы тұрғыны көп ауданның бірі. Бұл аудандағы 24 сайлау учаскесінде 58 684 сайлаушы тіркелген.

Сайлау учаскелерінде мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасау үшін пандус орнатылған. Мүгедектігі бар 9 адам №99 сайлау учаскесінде тіркеуге алынған. Сондай-ақ, 18 жасқа енді толған 31 сайлаушы бар. Бұл учаскеде сайлаушыларға қазақтың ұлттық тағамы – бауырсақ таратылды.

Ал, №101 учаске аудан орталығы – Құлсары қаласында №16 Д.Жазықбаев атындағы орта мектепте орналасқан. Дәл осы сайлау учаскесіндегі дауыс беруді екі халықаралық байқаушы бақылап отыр.

Оның бірі Швеция Республикасының азаматы Талберг Бо Понтус, екіншісі – Канададан келген Пэрис Дэлшани Эсодаран.

«Біз сайлау барысын бақылау үшін алыстағы Жылыой ауданын таңдадық. Өйткені, бізді елордадан шалғайдағы сайлаушылардың белсенділігі қызықтырады. Демократиялық қоғам құруға ұмтылған елдегі тұрғындардың көңіл-күйін көргіміз келді. Бүгін біз келіп отырған сайлау учаскесінде дауыс беру талапқа сай өтіп жатыр. Заң бұзушылық байқалған жоқ», -дейді халықаралық байқаушының бірі Талберг Бо Понтус.