«Инклюзивті білім» жобасы: Атырауда былтыр ерекше балаларды дамытатын 10 кабинет ашылған

Елімізде инклюзивті білім беруді енгізу 2010 жылдан басталды. Осыдан 14 жыл бұрын балаларды оқыту процесіне «инклюзия» алғаш рет енгізіле бастады. Яғни, балаларды жалпы білім беретін мектептерде әлеуметтік бейімделуге және құрдастарымен бірге оқытуға жағдай жасау жұмыстары жалғасып келеді. Осы бағытта  былтыр жыл бойы «Теңізшевройл» компаниясының қаржылай қолдауымен Атырау облысында «Ой-Сана» психологтар қоғамдық бірлестігі жұмыс істеді. Бірлестік «Инклюзивті білім бойынша педагог мамандарын ғылыми-әдістемелік сүйемелдеу» жобасын жүзеге асырды.

Бұл жоба педагогикалық қауымдастықтың кәсіби құзыретін арттыру арқылы аймақтағы  инклюзивті білім беруді дамытуға, мүмкіндігі шектеулі көптеген балаларға тең орта қалыптастырып, оларды өз қатарластарына қосу мақсатында жүзеге асырылды.

«Ой-сана» психологтар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ләйлә Сұлтанбаеваның айтуынша, бұл жоба 3 кезеңнен тұрды.

«Алғашқы кезеңде Атырау облысының барлық аудандары және Маңғыстау облысының Боранқұл ауылы бойынша инклюзивті сынып немесе топ ашуға ниетті білім беру ұйымдарының педагог мамандарына, басшыларына арналған 7 біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылып, нәтижесінде 160 педагог курстан өтті. Курс барысында инклюзивті сыныптар мен топтарды ашудың, ондағы жұмыстарды ұйымдастырудың жөн жобасы, нормативтік-құқықтық актілері, инклюзивті топтардағы арнайы қажеттіліктері бар балаларға арналған жеке жұмыс бағдарламалары мен жоспарларын жазудың жолдары, ерекше балалармен жұмыс істеудің әдіс-тәсілдері қарастырылды. Біліктілікті арттыру курстарының профессор-оқытушылары құрамына республика бойынша үздік ғалымдар мен білікті мамандар тартылды», - дейді Л.Сұлтанбаева. 

Ал екінші кезеңінде тағылымдамадан өткізу мақсатында Алматы мен Астана қалаларына 22 маман  жіберілді. Жобаның үшінші кезеңінде инклюзивті сыныптар мен топтарды ашуға қаржылай және басқа да қолдау көрсетілді. Нәтижесінде, жоба қамтылған аумақтарда 10 түзету және инклюзивті қолдау кабинеттері ашылды. Атап айтар болсақ, 5 ресурстық кабинет пен 5 түзету кабинеті жабдықталды. Сонымен қатар, өз беттерінше инклюзивтік сыныптар мен топтар ашқан білім беру мекемелері мамандандырылған көмек алды. Бұл ретте оларға жеке жұмыс бағдарламалары, инклюзивтік білім беру, жұмыс жүйесі, педагогтерге үстеме есептеу жолдары, жеке түзету жұмысында қолданылатын әдіс-тәсілдер мен тағы басқа да кеңестерді алды.  

Бұл жобаның арқасында арнайы қажеттіліктері бар балалар бұрынғыға қарағанда көбірек әлеуметтендіріліп, олардың білім беру мекемелеріне инклюзивті сыныптар мен топтарда оқу мүмкіндігі әлдеқайда арттып, ерекше балалардың әлеуметтеніп, тең ортаға көптеп қосылды.

Жалпы «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен «Ой-Сана» психологтар қоғамдық бірлестігі 10 кабинет ашты. Соның бесеуі – түзету, тағы соншасы инклюзивті кабинет. Атап айтсақ, Жылыой, Мақат, Индер, Құрманғазы аудандары мен Маңғыстау облысының Боранқұл ауылында жұмыс істеп тұр.

Соның біреуі былтыр наурызда Атырау қаласындағы №43 мектепте ашылған. Оны «Айналайын баладан» қоғамдық қоры жабдықтады. Осы білім ұясы директорының әдістемелік жұмыстары жөніндегі орынбасары Айгүл Сисенғалиева «Ой-Сана» психологтар қоғамдық бірлестігінің бастамасымен елордаға барып, білімін шыңдап қайтты. Былтыр ғана ашылған жаңа мектеп үшін қуанышты жаңалық болды.  Өйткені жыл соңына қарай коррекциялық кабинет ашылды. Қазір  логопед пен деффектолог балалардың дамуына үлестерін қосуда.

«Теңізшевройл» компаниясының қаржылай қолдауымен былтыр мектебімізде инклюзивті балаларды оқыту кабинеті ашылды. Бұл біз үшін қуанышты жаңалық болды. Бізде 8 бала инклюзивті білім алады. Сондай-ақ ТШО-ның қолдауымен Астана қаласында өткен семинарға қатысып келдім. Онда мектеп директорлары мен орынбасарларына арнап өткізіліп, мектептегі инклюзивті ортаны тиімді ұйымдастыруды үйретті. Астанада бірнеше мектепте болдық. Онда бірі – баланы шығармашылық жағынан дамытса, енд бірі – кәсіби білім береді. Ал үшіншісі – логопед пен дефектологтар баланы дамытуда тынымсыз жұмыс істейді. Осының бәрін көрген соң мен де қанаттанып келдім. Сол жақтан алған білімімді өз әріптестеріме де үйреттім. Жаңадан ашылған кабинеттің іші ТШО-ның қаржысына жабдықталды. «Ой-сана» психологтардың қоғамдық бірлестігіне жаңа мектеп екенімізді және инклюзивті балаларды оқытатын арнайы жабдықталған кабинеттің қажет екенін айтқанымызда, бірден біздің ұсынысымзға құлақ асты. Сөйтіп былтыр жыл соңында салтанатты түрде арнайы кабинет ашылып, жұмыс істей бастадық», - дейді  Айгүл Сисенғалиева.

Инклюзивті білім берудің мақсаты - баланы шеттетпей, оқу бағдарламасынан қалдырмау. Бірақ бұл мектепте ерекше балаларды фотоға түсіре алмадық. Оған ата-аналарының қарсылығы себеп болды. Сондықтан тек жұмыс құралдарын фотоға түсірумен шектелдік.

Мұнда мектептің ең жылы әрі жарық кабинеті таңдалып, логопед пен дефектологтар балалардың ұстау, көру, сезу және сөйлеу дағдыларын қалыптастыруда.

«Мәселен, балаға көбелектің суретін салдырамыз. Ол өз қиялымен соны салуы тиіс. Мұнан соң ол өзін-өзі бағалайды. Яғни, басы қайда, қанаты қайда, оны дұрыс салды ма деген секілді сұрақтарға жауап береді. Суреттегі әр детальдың атын атап, түсін түстеп мән береді. Егер осының барлығын жасаса, онда баланың дамуында ілгерілеу бар деген сөз», - дейді А.Сисенғалиева.  

Қорыта айтқанда, былтыр 5 коррекцилық және 5 инклюзия кабинеттері ашылды.

Атап айтқанда, 10-20 оқушыға арналған 5 коррекциялық кабинеттің екеуі Индер ауданында, сондай-ақ Құрманғазы, Мақат аудандары мен Маңғыстау облысының Боранқұл ауылында ашылды.

Ал 10-20 оқушыға шақталған 5 инклюзия кабинетінің үшеуі  Жылыой ауданына қарасты Ақкиізтоғай, ЖаңаҚаратон ауылдарында, Атырау қаласының №43 мектебінде және Құлсары қаласындағы №9 мектепте ашылды. Осылайша, 100-ден астам балаға көңіл бөлініп, олардың әлеуметтенуіне жағдай жасалып жатыр.

«Ой-Сана» психологтар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ләйлә Сұлтанбаева бұл жоба мұғалімдердің ерекше балаларға деген көзқарасын өзгерткенін алға тартады.

«Қатысушылардың 90%-ы педагогтар мен білім беру ұйымы басшылары инклюзивті білім берудің мәнін тереңінен түсіне бастады. Енді ерекше балалар мектепке, балабақшаларға құрдастарымен тең дәрежеде кедергісіз бара алады. Мұғалімдердің шамамен 20%-ы дефектолог ретінде қайта оқығысы келді. Мәселен, бір мұғалім бұрын ерекше баланы қабылдағысы келмейтінін мойындады. Ал бір баланың ата-анасын үйде немесе басқа мектепте оқытуын айтып көндірген. Қазір сол әрекетіне өкінеді. Бұл жоба алдағы уақытта тағы жалғасады», - деп түйіндеді Л.Сұлтанбаева.

«Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен ашылған үкіметтік емес ұйымдардың саны артып келеді. Мысалы, алғашында  ТШО бүкіл Атырау облысы бойынша 14 жобаға қолдау көрсеткен болса, былтыр 21 жобаның 15-і Жылыой ауданында ғана іске асырылыпты.

Айта кетейік, 2023 жылы ТШО-ның әлеуметтік инвестициялық бағдарламасының  бюджеті 2,5 млн АҚШ долларына дейін артып, ол жобалардың артуына септігін тигізді.

Эльмира Мықтыбаева

Фото: Э.Мықтыбаева және "Ой-Сана" психологтар ҚБ